Мәртөк ауданында 32 елді мекеннің 24-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылған

Бүгінде таза ауыз суға қолжетімділік – халықтың денсаулығы мен өмір сапасының маңызды факторы. Қазақстанда соңғы жылдары сумен жабдықтау жүйесін жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған су жүйесімен қамту деңгейі айтарлықтай артты. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жаңа су құбырлары тартылып, су тазарту қондырғылары орнатылуда.
Бүгінде Мәртөк ауданында 32 елді мекеннің 24-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылған. Бұл елді мекендердің 75%-ын, ал аудан тұрғындарының 94,9%-ын құрайды. 2021-2024 жылдары 8 ауылда (Первомайка, Жаңажол, Дмитриевка, Покровка, Егізата, Көкпекті, Қарабұлақ, Жаңатан) кешенді блок-модульді (КБМ) су тазарту жүйелері орнатылып, 670 тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2024 жылы Хазірет және Кеңсахара ауылдарында су құбыры желілерін жаңарту жобалары дайындалып, сараптамаға жіберілді.
Сонымен қатар, Шевченко ауылындағы ІІ насос станциясына сүзгі орнатылды.
Аталмыш жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, өйткені сапалы ауыз су – халықтың денсаулығы мен өмір сапасының басты кепілі.
А.И. Калимагамбетов
Мәртөк аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы