ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫ

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған мазмұнды кездесу өтті.
Жиынға жалпыұлттық және өңірлік коалиция мүшелері Бауыржан Қаниев, Ербол Данағұлов, Айгүл Нұркеева және конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Лаура Қарабасова қатысты.
Кездесуде алғаш болып сөз алған Бауыржан Қаниев жаңа Конституция жобасының мән-маңызына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ Конституциялық кеңеске түскен 10 мың ұсыныстың 1500-і Ақтөбе өңірінен жолданғанын атап өтті. Бұл — аймақ тұрғындарының азаматтық ұстанымы берік, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысатынын көрсететін айқын дәлел.
Жиында сөз сөйлеген Лаура Қарабасова қабылданғалы отырған Ата Заң жобасында ғылым мен білім саласына ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.
— Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде 3, 23 және 33-баптарға өз ұсыныстарымды енгіздім. Ғылым, білім, мәдениет және инновациялар алғаш рет конституциялық деңгейде нақты айқындалып отыр. Себебі Ата Заң — кейінгі заңнамалық әрі бюджеттік шешімдердің негізі, — деді ол.
Айгүл Нұркеева жаңа құжатта отбасы құндылықтарына айрықша мән берілгенін атап өтті. Ол Конституцияның 30-бабына тоқталып, неке мен отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатынын түсіндірді.
Кездесуде Ербол Данағұлов өңірлік коалиция құрамында бүгінде 400-ге жуық азамат қоғамдық негізде еңбек етіп жатқанын айтты. Коалицияның басты мақсаты — халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, референдумның мәнін кеңінен насихаттау және жаңа Конституция жобасын жан-жақты таныстыру.
Кездесу соңында қатысушылар педагогтерді алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Ата Заң — ел болашағын айқындайтын стратегиялық құжат. Сондықтан әр азаматтың өз таңдауын саналы түрде жасауы мемлекет дамуына қосылған үлес екені жиында кеңінен айтылды.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.




