ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ АРТЫҚТЫҚ ЕТПЕЙДІ

Халыққа қаржылық сауаттылық қажет. Қажеттілігі соншалықты бүгінде кредиттің құрсауында отырған қаншама адам бар. Қоғамдағы осы мәселеге мән артқан «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірлесе отырып биылғы жылдың басында «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын.

 

Аталған жобаның аясында қазіргі таңда Мәртөк ауданы бойынша 500-ден астам тұрғын «Қаржылық сауаттылықты арттыру» бағдарламасы бойынша 40 сағат теория және практиалық дәрістердің курсын аяқтап отыр.

-Жергілікті тұрғындарды оқыту үшін жоба бойынша арнайы қаржы сарапшы мамандар келіп, тегін оқыту курстарын өткізді. Оқыту курстары Мәртөк, Жайсан, Қаратоғай, Сарыжар ауылдық округтерінің орталықтарында өтті. Сонымен қатар, аталған округтерге көршілес орналасқан ауылдық округтерге қарасты елді-мекен тұрғындары да қамтылды. Оқытылған барлық тұрғындарға сертифиаттар табыс етілді. Олар осы сертификаттар арқылы бұғатталып қалған банкоматтық карталарын қайта ашуға, несиелерінің күш жойдыру үшін Ақтөбе қаласында белгіленген арнайы мамандардан тегін көмек ала алады. Сонымен қатар, алдағы уақытта кәсіп ашам деген тұрғындар үшін де бұл сертификаттардың септігі тиеді, -дейді «AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин.

Еске сала кетейік, партияның бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Қарызсыз қоғам» жобасы Мемлекет басшысының биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да қамтылды. Бұл турасында Президент ««Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», — деп атап кетті.

-Менің 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешімім және жақында қабылданған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді. Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды.

Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын, — деді Мемлекет басшысы.

Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы аталған жоба алдағы жылы да өз жалғасын жаңа форматпен жалғасын табады деп жоспарлануда.

Әнуар ЕСҚАРА.