Қауіпсіздіктің басты құралы

Бейсенбі күні «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Ақтөбе қаласындағы №11 мектеп-гимназиясында құқықтық TED-лекторий өтті.

Жоғары сынып оқушылары үшін прокурор, полицей және қалалық білім бөлімінің өкілі тақырып бойынша сөз сөйлеп, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.
Аталған мектептің директоры Сұлушаш Құлтаеваның айтуынша, мақсат — шәкірттерге қай жаста да заңды білу аса маңызды екенін түсіндіріп, ол әр адамның жеке басын қорғау мен қауіпсіздігінің басты құралы екенін ұғындыру.
— Күнделікті тәрбие сабақтарынан бұрын құқықтық TED-тің балаларға берері мол. Форматы да қызық. Айталық, білім бөлімінің өкілдері мессенджерлердегі әзілдер мен қорлауға қатысты құқықтық жауапкершілік, тәртіп сақшылары «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы «курьер» болып жұмыс істеуге келісіп, көлеңкелі бизнестің салдарынан нақты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар туралы, ал прокурорлар электронды темекілерге тыйым салуға қатысты заңнаманың нормалары және интернет-алаяқтардан қорғану алгоритмдерін түсіндірді, — деді ол.
Кездесудің екінші бөлімі «Құқықтық баттл» тақырыбындағы пікірталасқа ұласты. Онда оқушылар өткір әлеуметтік жағдайлар бойынша өз позицияларын қорғаса, погон таққан сарапшылар оларға бірден заң тұрғысынан кәсіби баға беріп отырды. Соңында «Ашық микрофон» бөлімінде оқушылар спикерлерге сұрақ қоя алды — сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалану ережелерінен бастап, табылған бөтен заттар үшін жауапкершілікке дейінгі мәселелер талқыланды.
Қалалық білім бөлімінің өкілі Батырбек Байтұр, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры Сұлтанбек Көптілеуов, полицейлер Мақсат Бақтияров, Асылхан Тәжен осы басқосуға мұрындық болған педагогтарға ризашылығын білдіріп, жастармен тағы да жүздесуге ниетті екенін баян етті.
Өз кезегінде ұйымдастырушылар мұндай еркін форматтағы кездесулер жігіттер мен қыздардың бойында жоғары құқықтық сана-сезімді қалыптастыруға әсер ететінін атап өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.