«Қазақ молда» шапаны

Бұрынғы әділ өткен халифалар,
Әділ патша пейіштен орын алар.
Жақсы өткен дүниеде, жаман өткен,
Жақсының өзі өлсе аты қалар.
(Қисса Таһир)

Қасиетті Рамазан айында «Қазақ молда» атымен Орынбор, Қобда аумақтарында танымал болған әкесі туралы мәліметтер бере отырып қызы Рәбиға Жусанқызы музей қорына тектінің ұрпағы, діндар, көріпкел, ишанның немересі Ермеков Жусан Убаниязұлы (1910 — 1998) 60 жылдан аса сақталған шапандарын қызы Испулатова Рәбиға музей қорына тапсырды. 2007 жылы Орынбор облысынан Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылынан қоныс аударған Рәбиға Жусанқызы кең байтақ қазақ жерін аңсап, шөлдеп келген еді. Қазақ ұлтының басынан небір зұлмат өтпеді. Сол аласапыран уақытта ұрпағын сақтап қалуға ұмтылған бабамыз, алысты болжап үдере көшті. Ешнияз Ишан ауылы — Аққұдық, Ойыл ауданы мен Темір ауданының шекаралары тоғысқан жерде орналасқан. Ауыл мекені «Аққұдық» сонау ғасырларда Әлімұлы, Кете оның ішінде Әлімбет әулетінен тараған. Аққұдықтың табиғаты әдемі, қызғалдағы мен жусаны мүңкіген жайқалған бұлақтың басы — Ақшат тауының баурайында орналасқан. Арғы атамыз Пұсырман көріпкел, шөппен кісі қарайтын емші болған. Баласы Ешнияз ауыл молдасынан білім алып, молдалық етіп жүреді. Өзінің білімі тайыздау екенін аңғарып, әкесінің рұқсатымен сонау Бұхара, Ишан- қала (сол замандағы ірі, діни-біліми орталық) деп аталатын Өзбек еліне оқуға кетеді. Ол заманда керуендер жібек жолымен қатынаған. Сол Өзбек елінде 25 жыл оқып, «Ишан» дәрежесін алып елге оралады.
Елге оралғаннан кейін Аққұдыққа мешіт салып, дін қызметіне кіріседі. Ислам дінін насихаттап, елінің рухани тәрбиесімен Ешнияз ақылын айтып, балаларды оқытып, елінің қорғаны болған. 25 жыл оқудың соңында пірленген деп айтылады. Ауыл арасында небір даулы жағдайларды шешіп, билер орнына келісімге келтіріп, төрелігін айтқан би де болған. Ешнияз атамның ақылдылығы және жердің рельефін қолдана білгендігі, яғни бұлақтың аққан көліне күріш еккендігі. Білімін айналасындағы барша Кете руы танып, «аруақты ата» — деп санаған.
Ешнияз ишан (1845 – 1928) жылдар аралығында өмір сүрген. Үлкен ұлы Үбнияздан 4 ұл тараған. Ғұбайдолла (Қазақ лақап аты), Ұзақ, Ильяс, Ғалымжан. Ешнияз ишан дүниеден озғанда Ғұбайдолла 18 жастағы бозбала екен. Сондықтан көз көргендер ишанның сүйікті ерні тиген немересі деп құрметтеген. Әкем Ғұбайдолла 7 жасынан ауыл молдасында хат танып, медреседе оқыған. Атасы дүниеден өтерде мешіт де, дінде қорланатын заман болады, мешіттің төбесін ашып ішіне жерлеңдер деген өсиет айтады. Өсиеті орындалып Аққұдық ауылындағы өзі негізін қалаған мешітте жерленеді Аласапыран кезең басталғанда 1927 жылы елден көшеді. Алдымен Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдеріне өтіп, Ауған шекарасына келіп тоқтайды. Жаңа үкімет жауып тастайды деп қауіптенеді және де соңындағы ұрпақтарының болашағының қан тазалығын ойлап, кейін қайтады. Бірақ елде көп отыра алмайды, содан Ресей жеріне, соның ішінде Башкұртстан, Татарстан еліне кетеді. Қиын, ауыр, аштық заман басталып, шытырманға толы оқиғаларды бастан өткізеді.
Осы кезеңдерде әкем аты-жөнін Ермеков Жусан өзгертеді. Туғанда тағылған Қазақ лақаб есімі өмір бойы қалды. Оның да өзіндік тарихы бар. Туған жері Аққұдық ауылы маңында немістер тұрған ауылы болыпты. Әкесі Үбнияз мақсұм бір неміс отбасымен дос болып араласқан екен. Екеуінің әйелдері бір уақытта жүкті болып, босанар күнді күтіп жүріпті. Уақыты жетіп босанғанда неміс;
— ау, кім дүниеге келді? — деп сұраса керек,
— «Қазақ» дүниеге келді депті, азан шақырып қойған «Ғұбайдолла» атын атамай;
— иә, менде де «неміс» — дүниеге келді деп қалжыңдасқан екен. Сонымен «қазақ бала» атанып кетіпті. Қазақ аттанған бала атақты Қобда өңіріндегі Айтмухамед ахунның шәкірті.1925 жылы намаз оқып тұрған жерінен белсенділер Айтмухамед ахун ұстап алып кетеді. Ақтөбе қаласындағы «Түйетөбе» жерінде атылған деген дерек бар. Менің әкем ұстазын өмір бойы сыйлап өтті, құрметтеді. Үнемі әңгіме қылып айтып отыратын. Айтмухамед ахунның артында жалғыз ұрпағы қалды. Әкем үй болуына көмектесті. 80 жылдары Ақтөбе қаласына көшіп тарих пәнінен ұстаз болған Этмуханбетов Ғубайдулла (Валерии Абдрахманович) жұбайы Мухамбетова Жания Жарылғаповна ҚР білім беру ісінің үздігі. Бұрын Орынбор облысы, Соль-Илецкіде тұрып, екеуі де мұғалімдік қызмет атқарды. Қобда ауданында мешіт жанында 2019 жылы «Руханият әлемі» аллеясында оқымысты ғұлама болған руы — шәли Кете Айтмухамед ахунға тас қойылды.
Адам баласы бұрын көрмеген, талай боздақтар кеткен зұлым соғысты бастарынан өткізіп, 1956 жылы Ешнияз Ишан атаның ұрпақтары асқан ерлік көрсетіп өз еліне оралады. 1998 жылдары Ешнияз ишанның үлкен немересі Ғұбайдолла Убниязұлы, яғни, менің әкем — Ермеков Жусан, лақаб аты «Қазақ молда» дүниеден озғанда Орынбор облысы, Соль-Илецк ауданынан әкеліп, атасының жанына, яғни Темір ауданының орналасқан «Аққұдық» жеріне жерленеді, ол өзінің өсиеті, тілегі еді. Әкем – өте қарапайым адам, ерекше жар салып даңқаза тудырғанды жақсы көрмеді. Ол көрмеген қиындық жоқ шығар,өте сұсты жүзді болғанмен мейірімді болатын. Анамыз әкемізден қалған шапандарды таратқанда менің де қолыма тиген еді. Үйде құран салатын дорба ішінде ілулі тұратын. Ішінде құрмадан жасалған таспих, өте көне тері қабы бар «Қара құран» болатын. Оның көнелігі сонда ишан Ешнияз атамыз дүниеге келмей тұрған да, берген екен. Майлыбай ата құранды мен дүниеден озғанда ешкім оқымайтын болады, оқылмаған құран жетім деген Пұсырман үйінде бір бала дүниеге келеді, сол бала осы құран иесі болады деп табыстапты. Ешнияз жігіт болғанда қолына тиіп, одан менің әкеме берілген.Ол құран кітабы бар, менің інім қолында.Ол қызғыштай қорып ұстайды, ешкімге көрсетпей сақтап жүр. Ендігі кезекте музейде сақталса, соның орайы осы Рамазан айымен сәйкес келіп Сізге бұйырған екен деп аяқтады әңгімесін – Рәбиға Еспулатова.
20 наурыз Мәртөк ауданында «Дін мен дәстүр» тақырыбында шаралар барысында Ақтөбе облысының бас имамы Серікжан Еншібайұлы, Мәртөк ауданының бас имамы Марал Ермекбайұлы бастаған ауыл азаматтарына экскурсия өткізілді. Музей қорына алынған «Қазақ молда» атанған Ешнияз Ишан немересі Ғұбайдолла Үбниязұлы шапаны экспозициясында құран және көне жайнамаз, фотосуреттері бойынша ақпарат беріліп, орналасуы бойынша кеңес сұралды.

Ұлдай Осанова,
Мәртөк музейінің директоры,
2024 жыл, 26 наурыз