Қазақстан жаңа тарихи белеске қадам басқалы тұр

Қазақстан жаңа тарихи белеске қадам басқалы тұр. Жаңа Конституция жобасы – бұл жай ғана заңдарға енгізілген өзгеріс емес, бұл қоғамның өзін-өзі қайта тануы, мемлекет пен азамат арасындағы жаңа сенімге негізделген келісім. Ол бүгінгі күннің емес, ертеңгі ұрпақтың тағдыры үшін жасалып жатқан батыл шешім.
Бұл құжаттың өзегінде – адам. Азаматтың ар-намысы, құқығы мен еркіндігі декларация ретінде емес, нақты қорғалатын құндылық ретінде қарастырылған. Әділеттілік ұраны қағазда қалмай, өмірде іске асуы тиіс деген талап жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігіне айналып отыр.
Жаңа жобада билік бұрынғыдай үстем емес, жауапты. Билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі күшейіп, соттың тәуелсіздігі мен Парламенттің салмағы артады. Бұл өзгерістер биліктің халыққа жақындай түсуіне, ал халықтың мемлекетке деген сенімінің нығаюына негіз қалайды.
Жаңа Конституцияны қолдау – өзгерістен қорықпау, әділетті қоғамды саналы түрде таңдау. Бұл таңдау бүгін жасалса да, оның жемісін ертең бүкіл ел көреді. Әділетті Қазақстан – ұран емес, ортақ мақсат. Ал ортақ мақсатқа жету әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыздан басталады.

 

Усенов Асылбек Мурзагалиевич