Қазақстан-Жапония: Токиода жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында қол қойылатын коммерциялық келісімдердің жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асады. Президент осы мақсатта Токиода жапониялық ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізбек. Бұл туралы Президенттің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Телеграм-арнасында хабарлады.
«Барлығы 40-тан астам құжатқа қол қою жоспарланған. Келісімдер энергетика, жаңартылатын қуат көздері, цифрландыру, тау-кен, көлік секілді негізгі салаларды қамтиды», деп жазды Р.Желдібай.
Қазақстан тарапынан құжаттарға «Самұрық-Қазына», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» компаниялары, ал Жапония тарапынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power және RIKEN KOGYO сияқты компаниялардың өкілдері қол қояды.
Сонымен қатар Руслан Желдібай Президенттің Жапонияға сапары аясында өзге де ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Еске сала кетсек, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды.
Ал Жапония елшісі Токионың стратегиялық жоспарында Қазақстанның рөлі артып келе жатқанын айтты.




