«Кітап оқитын ұлт»: Ақтөбе облысы тіркелушілер саны бойынша көш бастап тұр

 

Биылғы қыркүйектен бастап келесі жылдың сәуір айына дейін елімізде «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны өтеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында айтылды. Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова және С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Сұлушаш Хакимова сөз сөйлеп, қазіргі қоғамда оқу мәдениетін дамыту мәселесіне тоқталды, сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, азаматтардың, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру — ең маңызды міндеттің бірі. Осы орайда биылғы тамыз айында облыстық әкімдік мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны осы меморандумның аясында өткізіледі. Ақтөбеліктерді марафонға белсенді түрде қатысуға шақырамын, — деді Алтынай Юнисова.

Марафон мектеп оқушылары; колледж, жоғары оқу орындарының студенттері; мұғалімдер мен оқытушылар; отбасылық командалар; мемлекеттік қызметшілер;
сондай-ақ жасына және қызмет саласына шектеу қоймай барлық азаматтар арасында, яғни 7 бағытта өткізіледі.

Бүгінгі күні қатысушыларды тіркеу жүріп жатыр. Ол 15 қыркүйекке дейін созылады. Марафонға reading-nation.kz бірыңғай цифрлық платформасы арқылы тіркелу керек.

Өңірімізде жобаны ұйымдастыру және үйлестіру мақсатында облыстық жобалық кеңсе С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының базасында құрылып отыр. Ал облыс орталығы мен аудандарда жобалық кеңселер тиісінше қалалық және аудандық орталық кітапханалардың базасында ұйымдастырылған.

— Марафонға қатысу үшін тіркелудің еш қиындығы жоқ. Смартфон арқылы да тіркелуге болады. Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген кітап қорынан 15 кітап оқуға тиіс. Кейінірек сол шығармалар бойына пікір алмасу, талқылау өткізіледі, — деді Сұлушаш Хакимова.

Марафонға қатысушыларға арналған қор 330 кітаптан тұрды, оның ішінде 165 кітап — қазақ тілінде, тағы да сонша кітап орыс тілінде ұсынылған.

Бұл тізімде қазақстандық авторлармен қатар, шетелдік белгілі жазушылардың да шығармалары бар. 2026 жылдың қыркүйек айы мен 2027 жылғы наурыз айының аралығы — кітап оқу кезеңі. Одан әрі наурыз-сәуір айларында марафонның қорытынды кезеңі өтеді.
Әр бағытта үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алады.

Жеңімпаздар 2027 жылғы 23 сәуір, яғни Ұлттық кітап күнінде марапатталады.