ҚҚС мөлшерлемесін өзгерту, мемлекеттік шығындарды оңтайландыру, АӘК өтеу тетіктері: Taldau Talks подкасының жаңа шығарылымы жарияланды

Taldau Talks подкасының Қазақстандағы салық реформасына арналған жаңа шығарылымы Сенаттың YouTube-арнасында жарияланды. Салық кодексінің жобасына енгізілетін түзетулер Парламент депутаттарының қарауына ұсынылуына байланысты осы тақырыпты талқылау маңызды болып отыр.

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, сондай-ақ белгілі экономист Алмас Чукин үш сағаттық ашық әңгіме барысында салық реформасының алғышарттары және оның негізгі бағыттарын, еліміздегі бизнес пен жалпы экономикалық жағдайға әсерін егжей-тегжейлі талдады.

Подкаста көтерілген мәселелердің қатарында ҚҚС мөлшерлемесін өзгерту, бизнеске салық жеңілдіктері, мемлекеттік шығындарды оңтайландыру, салық саясатының инфляцияға әсері, сондай-ақ, өтемақы мен атаулы әлеуметтік көмек тетіктері бар. Сенат Төрағасы атап өткендей, салық реформасы Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық маңызды бастама болып табылады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев оңтайлы және теңгерімді салық жүйесін құру міндетін жүктеді. Сондықтан бәріміз осы маңызды, қажетті және тиімді құжатты қабылдау үшін бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Салық реформасы еліміздің ұзақ мерзімді, сапалы және тұрақты дамуына, сондай-ақ, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағытталған», – деп атап өтті Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Подкастың толық нұсқасын : https://youtu.be/J9kGfSQLuO4?si=MRzZv9yJrOavSYnE сілтемесі арқылы көруге болады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: А.Байжұманов)