Колледждегі кездесу

Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледжінде жаңа Конституция жобасын түсіндірген кездесу өтті. Іс-шараға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалының Ақтөбе облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұргүл Әбішева мен «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Мұхтарита Сағындықова қатысты.

Өңірлік коалиция өкілдері колледждің педагогтар ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі мен оның ел дамуы жолындағы маңызы туралы әңгімеледі. Кездесу барысында құжатта қарастырылған негізгі бағыттар таныстырылып, алдағы республикалық референдумның мәні мен қоғам өміріндегі рөлі жөнінде пікір алмасты.
Жиында сөз алған Мұхтарита Сағындықова Конституция жобасында қамтылған бірқатар жаңашылдыққа тоқталды. Оның айтуынша, құжатта цифрлық құқықты қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған.
— Бүгінде Қазақстанда цифрлық қызмет түрлері дамып келеді. Кейбір мемлекеттерде бізде кеңінен қолданылып жүрген цифрлық қызмет әлі толық енгізілмеген. Бұл тұрғыдан еліміздің алдыңғы қатарда келе жатқанын байқауға болады. Сондықтан цифрлық кеңістікті дамыту ғана емес, оны заң жүзінде қорғау да маңызды. Әр азаматтың жеке дерегі, цифрлық мәліметтері заңмен қорғалып, оған ешкімнің қол сұғуына жол берілмеуге тиіс, — деді ол.
Сондай-ақ Конституция жобасындағы өзгерістердің қоғам үшін маңызы, әсіресе жастардың құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған тұстары жан-жақты түсіндірілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар еркін пікір білдірді.
Сондай-ақ коалиция мүшелері еңбек ұжымын алдағы республикалық референдумға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты маңызды шешімге азаматтық жауапкершілікпен қарауға шақырды.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.