Конституциялық сот туралы заңның ережелері Ата заңға көшіріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық сот туралы заңның ережелері Ата заңға көшірілетінін айтты.

— Жария етілген ұсыныстарды жүзеге асыру Конституциялық сот туралы баптарға да елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап етті. Әдетте Конституцияларда Жоғары мемлекеттік органдардың мәртебесі мен миссиясы бекітіледі. Сондықтан қазіргі таңда Конституциялық сот туралы Конституциялық заңда көзделген тиісті ережелер Ата заңға көшіріліп отыр, — деді Бақыт Нұрмұханов.
Сондай-ақ, ол Конституциялық сот конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган болып қала беретінін атап өтті.

— Конституциялық соттың құрамына, судьялардың өкілеттік мерзімдеріне және құзырына қатысты нормалар негізінен сақталды. Конституциялық сот қабылдаған шешімдердің құқықтық салдары нақты жазылды, — деді Конституциялық сот өкілі.
Жалпы Конституциялық комиссия отырысында партиялар қандай ұсыныс айтқанын мына сілтеме арқылы оқуға болады.