ҚОРЖЫН

Қоржын — қалталы өрнек құрып тоқылған, ұлттық бұйым.Қазақтың қолөнері — атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ең қастерлі кәсіптердің бірі. Көшпелі қазақ халқының  үй тұрмысында пайдаланған бұйымдары көшіп-қонып жүруге өте ыңғайлы болған. Мәселен, қоржын сол қолөнер бұйымдарының бірі. Қоржынның түрлері тоқыма қоржын, жүннен иіріп, терме етіп тоқылған тоқылу әдістеріне байланысты түкті, түксіз, алаша тәрізді тоқылған, тақыр болып бөлінеді. Киізден өрнек сап тігілген қоржын, матадан тігілген қоржындар. Яғни кілем тоқу әдісімен тоқылған қоржындар және алаша тоқу әдісімен тоқылған қоржындар үй тұрмысында жиі пайдаланылған. Қоржынды түйенің  өркешіне, аттың екі қапталына асып алуға өте ыңғайлы етіп жасаған. Көшпелі халқымыз қыс қыстауға, жаз жайлауға көшкенде ішетін ас-ауқатын алып жүруіне ең ыңғайлысы қоржын болған. Қоржын тек үй тұрмысында ғана емес, қазақтың той-томалағында да ерекше рөл атқарған. Құдалықта қоржын ашу деген салт бар. Баланың сүндет тойында нағашы жұрты балаға атап әкелген тайға жабуымен бірге қоржын салып әкелу ата-бабадан келе жатқан ізгі дәстүрлердің бірі.

Бүгінгі «Жәдігер сыры» айдарында таныстырылатын қоржынбұйымымызды жерлесіміз 1901 жылы Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Жайсан ауылында дүниеге келген күйші Қамбар Ерғожаұлы Медетовтың жұбайы Гүлихрам Арынғазиева өз қолынан дайындаған. Материалы, қара-көк түсті зығыр матасынан төрт бұрышты қалта болып тігіліп, қалтаның аузы қара түсті сәтенмен көмкеріліп, матаның үстіне, қошқар мүйізін бедерлі қызыл сәтенмен оюлап өрнектеп тіккен. «Қошқармүйіз»-дегеніміз, ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде ою. Сонымен қатар ою-өрнекті жібек жіптен жасалған ақшыл-көк бастырмамен көмкеріп, бастырылып тігілген. Қоржынның ұзындығы 65 см, ені 50см, аузына мақта жіптен есіліп өрілген бауды қоса тіккен. Бұл қоржынды тапсырған Қамбар Медетовтың үлкен қызы Райхан Медетова. Қазір біз заманауи қоржынды матадан немесе дайын киізден тігіп, оның бетіне қатты матадан ою-ойып, сәнді тігістермен әшекейлеп, қолдан шашақ өріп қоржынды дайындап жүрміз. Ұлттық мұраны, қазақтың  қолөнер кәсібін дәріптеу музей қызметкерлерінің қастерлі борышы. Музейге келушілер  біздегі көне жәдігерлер қатарындағы қоржындарды қызыға тамашалайды.

Сіздерденде осындай ескі жәдігерлермен музей қорын толықтыруға бір кісідей атсалысуларыңызда үлестеріңізді қосуға шақырамыз.

 

С.Уразымбетова,

Мәртөк аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы .