Құқықтық сауат — қауіпсіздік кепілі


№10 орта мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Заң. Тәртіп. Сана» тақырыбында куиз ойыны өтті. Ойынның ерекшелігі — ата-аналар, оқушылар мен құқық қорғау саласының өкілдері топ-топқа бөлініп жарысты.
Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назия Елбаеваның айтуынша, бұл шара жай ғана зияткерлік ойын емес, баланың бойында құқықтық мәдениет пен құқықтық сауатты қалыптастыратын тәрбие алаңы іспеттес. Өйткені заңды білу — оқушының өз құқығын, міндетін сезінуіне, әр әрекетіне жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
— Куиз ойынына 6 команда қатысты. Олар 5 кезең бойынша сынға түсті. Оларға құқықтық сауатты арттыруға бағытталған ситуациялық сұрақтар қойылды. Іс-шара барысында оқушылар ата-аналарымен, сынып жетекшілерімен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бір командада ойнауға мүмкіндік алды. Өз кезегінде жергілікті полиция басқармасының мамандары оқушыларға құқықтық бағдар беріп, заң талабын түсіндірді. Мұндай шаралар балалардың заң саласының өкілдеріне деген сенімін қалыптастырады. Сондықтан заңды білетін, тәртіпке бағынған ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу — баршамызға ортақ міндет, — дейді ол.
Іс-шара барысында қалалық және облыстық полиция басқармасының өкілдері жастарға құқықтық кеңес берді.
— Буллинг пен кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мақсатында білім ордаларымен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырмыз. Куиз ойынынан соң оқушылармен еркін сөйлесіп, құмар ойынның зардабы, дропперлерден қорғану, буллингтің алдын алу жолдарын нақты мысалмен түсіндірдік. Осындай шаралар оқушылардың қауіпсіз ортада білім алуына жағдай жасауға бағытталады, — дейді қалалық полиция басқармасының полиция майоры Нұрбол Адильченов.
Оқушылар үшін бұл кездесудің тәрбиелік мәні зор болды. Мектеп оқушысы Әлия Адлай тәрбиелік бағыттағы іс-шараларға жиі қатысатынын айтады.
— Куиз ойыны тартысты өтті. Білмегенімізді полиция қызметкерлерінен сұрап, еркін форматта ойнадық. Шара соңында мамандараға сұрақ қойып, пікір алмастық, — дейді ол.
Айта кетейік, 1 286 оқушы білім алып жатқан мектепте «Жас ментор» және «Мектеп парламенті» жобалары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Ойын соңында қатысушыларға театр мен кинотеатрға билет, Алғыс хат табысталды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.






