ҚҰРМАНСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ КУБОГІ ҮШІН

9 қаңтар күні Құрмансай ЖОББМ-нің ғимаратында ауыл тұрғындары арасында волейболдан «Құрмансай ауылдық округі әкімінің кубогі» өтті.  Турнирге барлығы 5 команда қатысты. Салауатты өмір салтын насихаттаған спортшылар Құрмансай ауылдық округі әкімнің кубогын сарапқа салып, өзара бақтарын сынады.

Спорт додасының ашылу салтанатында  ауылдық округ әкімі Елдос Газизов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы командаларға жеңіс тұғырынан көрінуге тілек білдірді. Сонымен қатар, мұндай турнирлер ауыл спортының дамуына зор үлес қосатынын да жеткізді.

Тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша:  ұпайлық көрсеткішпен алға шыққан волейболшылар ішінде «Құрмансай ЖОББМ-нің ерлері» командасы І орынға ие болып, Құрмансай ауылдық округі әкімнің кубогын қанжығасына байлады. Жүлделі ІІ орын «Құрмансай ЖОББМ-нің әйелдері» командасына бұйырса, ал «Құрмансай ЖОББМ-нің оқушылары» командасы ІІІ орынды иеленді.

Сонымен қатар, жарыс соңында белсене қатысқандары үшін «Әкімдік» пен «Экспоинжиниринг» командалары және де бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлестері үшін ауыл тұрғындары Зинур Жангереев пен Михаил Синица Алғыс хаттармен марапатталды.

Жеңімпаз және жүлдегер атанған командаларды құттықтаймыз!