Құрметті отандастар!

Біз – Тәуелсіз Қазақстанның жастары, еліміздің бүгіні мен ертеңіне бейжай қарамайтын буын ретінде, 2026 жылы өтетін Жаңа Конституция бойынша референдумға белсенді қатысуға шақырамыз.
Конституция – мемлекеттің тірегі, әділеттің өлшемі, әр азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі. Ол біздің ортақ құндылықтарымызды айқындап, даму бағытымызды белгілейді. Жаңа тарихи кезеңде Қазақстанға заман талабына сай, халық үні естілетін, әділ әрі ашық қоғам құруға негіз болатын басты құжат қажет.
Біз, жастар, өзгерістер мен жаңашылдықтың қозғаушы күші ретінде:
Әділетті қоғамды,
Ашық әрі есеп беретін мемлекеттік басқаруды,
Әр азаматтың тең мүмкіндігін,
Заң үстемдігін,
Болашақ ұрпаққа берік негіз қалдыруды қолдаймыз.
Референдум – әрқайсымыздың даусымыз естілетін маңызды сәт. Бұл – тек саяси науқан емес, бұл – ел тағдырына қатысты тарихи таңдау.
Біз барша жастарды, студенттерді, жас мамандарды, кәсіпкерлерді және ел болашағына сенетін әр азаматты референдумға қатысып, өз ұстанымын білдіруге шақырамыз.
Біздің таңдауымыз – саналы шешім.
Біздің дауысымыз – Қазақстанның болашағы.
Біздің жауапкершілігіміз – Тәуелсіз елдің ертеңі.
Бірге болсақ – біз қуаттымыз!
Бірге дауыс берсек – болашағымызды бірге құрамыз!
Айдарбек Абылайхан
05.03.2026 жылғы өткен аудандық жастар форумындағы сөйлеген сөзінен



