Мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту

Сақтағанов Абай Дидарұлы, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты

14 наурызда қасиетті Көкше жерінде, Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөздері ұлт бірлігі мен тілімізді дамыту жолында маңызды қадамдар жасау қажеттігін айқын көрсетеді.
2022 жылдан бері елдің болашағын айқындайтын стратегиялық институттың біріне айналған жиында қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыға түсіп, елдің келешек дамуы мен өркендеуіне бағыт-бағдар беретін тың ұсыныстар ортаға салынды.
Мен маңызды мәселелердің бірі – Мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталғым келеді. Қазақ тілінің қоғамдағы рөлін арттыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның қолданыс аясын кеңейту, әрқайсымыздың өз тілінде сөйлесуге деген жауапкершілігімізді сезіну – бұл ұлы мақсаттарға жетудің негізі.
Атап өтетіні, өткен Құрылтайда Ел Президенті «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы белсене айналысуда. Бұл – қуантарлық жайт. Осы ұйымның бастамаларын біз тұтас қоғам болып әрі қарай қолдауымыз керек», – деп өзінің қолдау сөздерін білдірді. Бұндай қолдау сөздер қоғамның одан әрі қарқынды әрі табысты жұмыс атқаруына септігін тигізетіні сөзсіз.
Қазақстандағы мұнай саласы, оның ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ секілді ірі кәсіпорындар да өз жауапкершілігін сезініп, қазақ тілін өндірістік ортада кеңінен қолдануға ықпал етуі қажет. Мұндай қадамдар тек ұлттың мәдени және рухани дамуына ғана емес, экономикалық тұрақтылығына да үлес қосары сөзсіз.
Сәйкесінше, мекеме жанынан құрылып, өзім төрағалық ететін «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бүгінде қоғам мүшелерімен бірге белсенді жұмыстар атқарып келеді. Акционерлік қоғамда бұл жұмыстарды сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеміз. Біздің «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастауышұйымы аудандық, қалалық, облыстық іс-шараларғамұрындық болып, тіліміздің, салт-дәстүріміздің өркендеп өсуіне белгілі дәрежеде ықпал етуде. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын таба береді.
Ұлттық құндылықтарымызды, соның ішінде тіл мен мәдениетті қолдау – бұл егемендіктің маңызды бөлшегі. Қазақ тілінің дамуы мен оның мемлекеттік деңгейде қолданылуы – ұлттың өз болашағына деген сенімін арттырып, тәуелсіздіктің нығаюына ықпал етеді.
Президентіміз Қ.Тоқаевтың ұстанымы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтерумен қатар, еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуында да маңызды рөл атқаратынын айқын көрсетеді.
«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» демекші, тіл – біздің болашағымыздың кепілі. Қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындардың осы бағытта атқаратын жұмыстары өте маңызды. Тек бірге әрекет етіп, өз тілімізді дамытсақ, елімізде нағыз бірлік орнамақ!