Мәртөк ауданы әкімінің Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы!

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – әртүрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астында біріктірген халқымыздың татулығын, достығын, бірлігін ұлықтайтын ерекше мереке.

Бүгінгі таңда Мәртөк ауданында 9768 өзге ұлт өкілі бейбіт өмір сүріп, ауданның дамуына өз үлесін қосып келеді. Қазақ тілін үйренуге ынта білдірген 231 этнос өкілі мемлекеттік тілді меңгеруде. Бұл – бірлігіміздің, өзара құрметіміздің нақты көрінісі.

Ресей патшалығы заманында түрлі этностар еріксіз түрде Қазақстанға, соның ішінде Мәртөк жеріне қоныс аударды. Олар бұл өңірді өз Отанына айналдырып, екі ғасырға жуық уақыт бойы тату-тәтті тіршілік етуде. Ұрпақтары бүгінде ауданымыздың қоғамдық, әлеуметтік, мәдени өміріне белсенді араласуда.

Ауданымызда достықты дәріптейтін «Масленица», «Сабантуй», «Славян базары» сияқты мәдени шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Татар-башқұрт ұлтының «Умырзая» және орыс-украин ұлтының «Чаровницы» ансамбльдері де – ұлтаралық татулықтың жарқын үлгісі.

Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын және ауданымыздың 90 жылдық мерейтойын қатар атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде ауданымыздың барлық этнос өкілдері бір шаңырақтың баласындай еңбек етіп, Мерейлі Мәртөктің өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді.

Қадірлі жерлестер!

Бірлік пен келісім – біздің ең басты құндылығымыз. Осы игі дәстүр мәңгі жасай берсін!

Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отбастарыңызға тыныштық пен амандық тілеймін. Ел бірлігі бекем, болашағымыз жарқын болсын!

Ізгі тілекпен, Мәртөк ауданының әкімі