Мәртөк ауданының активі жаңа Конституцияның жобасын толық қолдады

Жиын барысында қатысушыларға Конституциялық комиссияның атқарып жатқан жұмысы таныстырылып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының басты бағыттары мен негізгі нормалары жан-жақты түсіндірілді.

Аудан активінің отырысына аудан әкімі Медет Ысқақов, аудан әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен құрылымдық бөлімдердің басшылары қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның елдің саяси жаңғыруындағы шешуші қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы қоғамның сұранысы мен заман талабына сай әзірленуде, ал алдағы бүкілхалықтық референдум әрбір азаматтың ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауға белсенді қатысуына жол ашады.

Сонымен қатар аудан әкімі жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін халық арасында кеңінен түсіндіру, оның елдің тұрақты дамуына қосатын үлесін ашып көрсету бағытында жүйелі әрі кешенді ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.