Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында:
«Мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер. Себебі қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді», – деп атап өтті. Осыған байланысты Президент рухани мәселелерге айрықша назар аударуды жүйелі түрде жолға қою қажеттігін тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы музей ісін дамыту маңызды міндеттердің бірі екенін айтып, Қызылорда қаласында ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейінің ерекшелігіне тоқталды. Заман талабына сай салынған бұл орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың тәсілдері қолданылғанын атап өтіп, аталған тәжірибені басқа облыстарға үлгі етуге болатынын жеткізді.
Музей ісін дамытуға қатысты айтылған бастамалар өз жалғасын тауып, аудан орталығындағы музей де заман талабына сай типтік ғимаратта салынып, заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталса, бұл келер ұрпаққа қалдырар құнды рухани мұра болары сөзсіз. Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы саналатын ұлттық мұраны сақтау және оны болашақ ұрпаққа аманаттау.
Сондай-ақ Президент: «Халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын “Ұлттық цифрлық мұра” қорын құру идеясын қолдаймын. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы мұндай бастама тарихи мұрамызды сақтауға және оны терең зерделеуге жол ашады», – деп, цифрлық кезеңге дайындықтың маңызын атап өтті.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстағы қасиетті нысандар мен тарихи жәдігерлер 3D форматтағы виртуалды картаға енгізіліп келеді. Ендігі кезекте аудандық музей қорындағы жәдігерлерді бір жүйеге келтіріп, оларды цифрландыру жұмыстары жолға қойылмақ. Ақпараттық қоғам жағдайында музейлердің қоғамдағы рөлі айқындалып, қарыштап дамып келе жатқан заман талабына сай ілесе білудегі маңызы арта түсуде.
Ұ.Осанова, Мәртөк аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.




