Мерейлі меже

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Бұл — ел тарихындағы ерекше белес, тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі жетістіктердің бірі саналады. Үш онжылдық ішінде Ассамблея этносаралық келісімнің берік тұғырына, қоғамдық татулық пен бірліктің символына айналды. Осы маңызды датаға орай еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар ұйымдастырылып, Ассамблеяның ел дамуына қосқан үлесі лайықты түрде бағаланды.Ал мерейлі жыл біздің өңірімізде қалай аталып өтті? Қандай мазмұнды іс-шаралар жүзеге асырылып, қандай игілікті бастамалар қолға алынды? Осы тақырып төңірегінде облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Дариға Исмағамбетовамен сөйлескен едік…
— Өңірімізде этносаралық келісім мен бірлікті нығайту жолында Ассамблеяның мерейлі жылы қандай маңызды іс-шаралармен ерекшеленіп, нәтижелерге қол жеткізілді?
— Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы — біздің ортақ өміріміз бен дамудың, үйлесім мен бірліктің айқын белгісі. Бұл жылдар ішінде Ассамблея еліміздің тұрақтылығы мен бейбіт өмірінің, этносаралық достық пен азаматтық келісімнің алтын діңгегіне айналды. Ассамблея институты тек қоғамдағы тыныштық пен бірлікті нығайтып қана қоймай, әр этностың бір-біріне деген түсіністігі мен құрметін тереңдетуге де зор үлес қосып келеді.Бүгінде аймақта 950 мыңнан аса адам тұрса, олардың 85 пайызы — қазақ, ал қалғанын әртүрлі этнос өкілдері құрайды. Өңірде 90-нан астам этнос өкілі өмір сүріп, әрқайсысы өзін осы ұлы да біртұтас елдің ажырамас бөлігі ретінде сезінеді. Осы ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті сақтауда Ассамблеяның рөлі зор. Себебі отыз жыл ішінде Ассамблея әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің өзара түсіністігі, сыйластығы және достығын нығайтуға бағытталған күшті құрылымға айналды.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өңірімізде «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты республикалық конференция өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, облыс әкімі Асхат Шахаров, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық этномедиация кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарынан келген делегаттар, өңірлік Ассамблея өкілдері, құқыққорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысқан іс-шара елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайту, түрлі ұлт өкілдері арасындағы диалогты дамыту мақсатын көздеді. Конференция аясында аталған өңірлерден келген жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының, қоғамдық көшбасшылары мен этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Этносаралық саладағы медиация. Құралдар мен алгоритм» тақырыбында үшкүндік оқыту семинар-тренинг өтті. Бағдарлама аясында этносаралық қатынастар саласындағы жанжалды жағдайларды кешенді зерттеу, диагностикалау, талдау және басқару енгізілді. Сондай-ақ халықаралық және қазақстандық тәжірибе қаралып, этносаралық қатынастар мәселелерін реттеу бойынша дағдылар мен құзыреттер зерделенді. Практикалық кейстерді шешуге көңіл бөлінді.
Мерейтой аясында Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов пен облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен коворкинг орталығы ашылғаны белгілі. Осы кездесуде жастар өздерінің бастамалары мен мерейтой аясындағы іс-шараларын ортаға салды. Бұл шығармашылық пен жаңа идеяларды іске асыру алаңы ретінде қоғамдық келісім мен бірлікті насихаттау жолындағы маңызды қадам болды.
Жалпы аймақта мерейтойға арналған іс-шаралар жыл басынан басталды. Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «30 жыл — бейбітшілік пен келісім жолында» атты мерейтойлық XXXIV сессиясына еліміздің барлық өңірінен Ассамблея мүшелері қатысты.Алқалы жиында Ассамблея мүшелері алдына жаңа міндеттер қойылып, қызметтің басым бағыттары айқындалды.
— Мерейлі жылда этнобірлестіктер қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытында қандай жұмыстарды жалғастырып, жаңа бастамаларды қолға алды?
— Бүгінде өңірдегі 17 этномәдени бірлестік, сонымен бірге «халықтық» және «үлгілі» атағы бар 19 шығармашылық ұжым белсенді қызмет етіп, түрлі форматтағы біріктіруші іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді.
Мерейтойлық жылдың бастауында және Алғыс айту күніне орай облыстық «Алғыс, бәріңе!» форумы өткізіліп, онда «Бірлік пен келісім жолындағы» ескерткіш тақтасы ашылды. Форум аясында мерекелік концерт, перзентханаларды аралау, Ассамблея мүшелері мен ардагерлерін құттықтау, фотокөрме мен ақпараттық, қолөнер бұйымдары көрмелері ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Қазақ халқына мың алғыс» стеласына гүл қою рәсімі, түрлі челлендждер, облыстық Ассамблея ұйымы тарихына арналған бейнесюжеттер түсіру сияқты мазмұнды іс-шаралар өтті. Дәл осы күні «Қайырымдылық керуені» акциясының басталғаны жарияланды.
Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысында этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне, ғалымдарға, педагогтерге, Ассамблея ардагерлеріне және оның бағдарламаларын жүзеге асыруға белсенді үлес қосқан жас көшбасшыларға «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медальдары табысталды.Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткен республикалық «Бірлік жүгірісі» марафоны қоғамдық татулықтың айқын көрінісіне айналды. Жыл бойы этномәдени бірлестіктердің қатысуымен Көрісу күні, Наурыз мейрамы, Домбыра күні, Абайдың 180 жылдығы, Әлия Молдағұлованың — 100, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған мерекелер ұйымдастырылды. Шығармашылық ұжымдар қала көшелерінде және қоғамдық көлікте ән шырқап, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар өңірдің киелі орындары — Есет батыр мен Абат-Байтақ кесенелеріне танымдық сапарлар жасалды.
Этномәдени бірлестіктер күндері аясында мәдени күндер, көркемөнер көрмелері, спорттық турнирлер, шеберлік сабағы және есептік концерттер өтті. Сонымен қатар әр ұлт дәстүрлі мерекелерін жоспарлы түрде өткізіп келеді. Осының барлығы мерейлі жылы облыстағы этнобірлестіктердің татулық пен тұрақтылықты нығайтуға қосқан айрықша үлесін айқындай түсті.
— Ассамблеяның этномедиация, аналар мен ақсақалдар кеңестері, жастар ұйымдары, «Жомарт жан» орталықтары сияқты негізгі құрылымдары мерейтойға қандай үлес қосты?Осындай құрылымдар жүзеге асырған бастамалар туралы айтып берсеңіз...
— Отыз жылдық тарихи кезеңде Ассамблея жанындағы негізгі құрылымдардың әрқайсысы мерейтойлық жылды мазмұнды жобалармен толықтырып, қоғамдық келісім мен татулықты нығайтудың жаңа үлгісін көрсетті. Осы бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясы шешімдері аясында арнайы жобалар жүзеге асырылып, олардың мазмұны мен ауқымы жылдан-жылға кеңеюде.Аталған жобалардың қатарында «Адал азамат», «Салауатты сана» ұлттық жобалары, мемлекеттік тілді дәріптеу мен оның қолдану аясын кеңейтуге бағытталған «Мәміле» тілдесу клубы, жастарды қолдауға арналған «Жаңа толқын», этномәдени әралуандықты паш ететін «Бірлігіміз —әралуандықта», бұқаралық ақпараттық бағыттағы «Ассамблея айнасы», сондай-ақ ел бойынша кеңінен танылған «Қайырымдылық керуені», «Мектепке жол», «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциялары бар.Бүгінде осы бастамалардың барлығы жоспарлы түрде іске асырылып қана қоймай, қоғам қажеттіліктеріне сәйкес жобалардың саны да артып, мазмұны жаңаша бағыттармен толықтырылып келеді.
«Жомарт жан» орталығы Алғыс айту күні, Бірлік күні, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы, Балаларды қорғау күні, Конституцияның 30 жылдығы, Қарттар күні сияқты маңызды даталарға арналған қайырымдылық акциялары мен іс-шаралар ұйымдастырды. Мерейлі жылда мектеп оқушылары үшін «Қазақстан тарихы балалар көзімен» атты Түркістан қаласына қайырымдылық туры өткізілді. Бұл шара балаларға жаңа әсерлер сыйлап, мәдени мұрамен таныстырып қана қоймай, олардың әлеуметтенуіне, тұлғалық дамуына және жеке әлеуетін ашуға мүмкіндік берді. Мектеп орталықтың тұрақты қамқорлығында, мүшелері тоқсан сайын келіп қолдау көрсетеді.Сонымен қатар орталық «Аяла» әлеуметтік бейімдеу орталығы, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы түзету мектеп-балабақшасы, «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығы, «Ана үйі» қоғамдық қорымен тығыз жұмыс жүргізеді. Ассамблея құрылымдары мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Мектепке жол» республикалық акциясына белсенді қатысып, биыл 653 балаға көмек көрсетілді.
«Мейірім керуені» жобасы арқылы 10 миллион теңгеге жуық қаржы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға бағытталды. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясында көптеген оқушы қажетті көмекпен қамтылды.
Әсіресе облыстық Аналар кеңесінің жұмысы мерейтой шеңберіндегі ең жарқын, ең мазмұнды бастаманың бірі болды.Бұл ұйым өз қызметін республикалық «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт», «Салауатты сана», облыстық «Отбасы — бақыт мекені»сияқты жобалар және ақсақалдармен бірлескен «Құндылықтарға негізделген тәрбие» бастамасы аясында кең көлемде жүзеге асырып келеді. Бұл жобалар — тек отбасы институтын қолдауға бағытталған бағдарлама емес, облыстың рухани тұтастығын, ұлттық болмысын, жас ұрпақтың мәдени-адамгершілік бейнесін қалыптастыратын кешенді қоғамдық қозғалыс. Ассамблеяның 30 жылдығында бұл бастамалар ерекше қарқын алып, елдік рухты күшейтетін мазмұнмен толықты.
Бүгінде облыстағы175 аналар кеңесінің құрамындағы мыңнан астам белсенді мүшесі өңірдің рухани өміріне өз үлесін қосуда. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» иегерлерін марапаттау шарасы мерейтой жылы ерекше мазмұнмен өтіп, өңірде үлгілі отбасыларды насихаттайтын жаңа толқын қалыптастырды.Сонымен қатар жыл ішінде көпшілікке бағытталған ауқымды іс-шаралар да ұйымдастырылды. Олардың қатарында «Ақ орамал», «Қамқорлыққа толы қоғам — аналардың арман-мүддесі» тақырыптарындағы аналар кеңесінің кеңейтілген отырысыөткізілді. Мұндай басқосуда инклюзивті балаларды және олардың ата-аналарына моральдық әрі ақпараттық қолдау көрсету жайы талқыланды. Бұл орайда облыстық білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мекемелерінің өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыс қоғамдағы осындай өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ірі форматтағы диалог алаңы болды.
Сондай-ақ өңіріміздеақсақалдар кеңесі тұрақты жұмыс істеп келеді. Кеңес қызметі Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда белгілеген міндеттерге сай жүргізіліп, жас ұрпаққа адамгершілік, отаншылдық, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Осы мақсатта «Адал азамат» жобасы кең көлемде жүзеге асып, ірі кәсіпорындар мен ұйымдарда, аудан тұрғындары арасында бірлікке үндейтін кездесулер ұйымдастырылды. Мерейтой жылында Қарағанды және Түркістан қалаларында өткен республикалық отырыстарда кеңес төрағасы Роман Рахиев өңірде атқарылған жұмыстарды таныстырып, нәтижесінде Ақтөбе облыстық ақсақалдар кеңесі республика бойынша алдыңғы бестіктің қатарынан көрінді.
Бүгінде Ассамблеяның барлық құрылымымен бірлескен «Бірлігіміз — әр алуандылықта», «Жомарт жан», «Жаңа толқын», «Тамырлас» сияқты жобалар этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстың жүйелі жалғасы болды.
— Өңірде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және этностарды біріктіру мақсатында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
—Мемлекеттік тілдің этностарды біріктірудегі рөлін күшейту мақсатында «Мемлекеттік тіл — этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында іс-шаралар мен байқаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соның бірі — «Талап, еңбек, терең ой», «Шәмші әндерінің үздік орындаушысы», «Өнерлі өрге жүзер» секілді жобалар дарынды жастардың жарқырауына мүмкіндік беріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктете түсті.
Өңірде мемлекеттік тілді үйренуге қолжетімді жағдай жасау мақсатында «Abay» ситуациялық қазақ тілі курстары, «Мәміле» тілдесу клубы табысты жұмыс істеп жатыр.
— Мұндай жобалардың жастардың тіл үйренуі мен шығармашылық дамуына қандай ықпалы бар?
— Жиырмадан астам этнос өкілі қазақ тілін күнделікті қарым-қатынаста қолдануды меңгеріп, этнотурлар арқылы жергілікті киелі орындар тарихын қазақ тілінде танып келеді. «Söileqazaqşa» онлайн айдары да тіл үйренушілерге үлкен қолдау болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы даму тұжырымдамасының басым бағыттарының бірі — мемлекеттік тілді насихаттау.Осы мақсатта 2015 жылдан бері Ассамблеяның «Мың бала» мемлекеттік тілді оқытуға бағытталған мәдени-ағартушылық жобасы табысты іске асырылып келеді. Аталған жобаның аясында «Өнерлі өрге жүзер» номинациясының жеңімпазы, украиндер қауымдастығының өкілі Хитрук Канат республикалық кезеңде өз өнерімен көптің ықыласына бөленіп, мемлекеттік тілге деген құрмет пен қызығушылықты арттыра түсті. Сонымен қатар Жастар қанаты жыл басынан бері бірқатар бастаманы қолға алып, патриоттық кинокөрсетілімдер, қайырымдылық акциялары, экологиялық «Таза Қазақстан» сенбіліктерін өткізді. «Жақсылық көпірі», «30 игі іс», «Мейірім жүректен» акциялары көпшілікке жылулық сыйлап, этнос жастары арасындағы ынтымақтастықты арттырды. Неміс және кәріс жастар ұйымдарының меморандумға қол қоюы — осы серіктестіктің жарқын дәлелі.
Жақында Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын қорытындылауға арналған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты форум өтті. Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасы, Ассамблеяның қоғамдық орынбасарлары, құрылымдар мен этномәдени бірлестік төрағалары, мүшелері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысып, телекөпір арқылы пікір алмасты. Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың жетекшілігімен өткен телекөпірде жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыс пен іске асырылған жобалар талданып, алдағы жылға қойылатын негізгі мақсат-міндеттер айқындалды.
Сұхбаттасқан Арайлым НҰРБАЕВА.




