Мерекелеріңізбен, арулар, асыл жандар!

Ана адамды өмірге әкелетін қасиетті жан. Баласы үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын абзал жан. Кез келген адамның бойындағы мінез-құлқы, жан-дүниесінің сұлулығы, әдептілігі — барлығы-барлығы ең алдымен, анамыздың ақ сүтімен, әлпештеген ақ жүрегімен бойымызға дарығанына ешкімнің таласы жоқ. Ананың балаға деген махаббаты шексіз, ал баланың ше? Бәрімізге белгілі, 8-наурыз — Халықаралық әйелдер күні, яғни асыл аналарымыздың, аяулы апа-сіңлілеріміздің мерекесі. Осы орайда жігіттерімізден «Анаңа қандай сыйлық лайықты деп ойлайсың?», «Анаңа қандай сыйлық алмақшысың?» деген сұрақтарға жауап іздеп көреген болатынбыз. Ендеше, олардың ойын білейік…

 

Қайрат Әлжан, аудан әкімінің орынбасары: Көктем өзінің жылулығымен, шырайлы таң шапағымен адамдардың жүрегіне жылулық сыйлайтын мезгіл. 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мейрамы, яғни нәзік жандылар мейрамы. Көктемнің басталуымен келетін бұл мереке аяулы, нәзік жандыларға қуаныш сыйлайды. Мен бұл мерекеде барлық аналарды, апа-қарындастарымызды құттықтаймын және де ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, дүниедегі барлық жақсылықтарды тілеймін.

Қашан да сұлулықтың, сымбаттылықтың, сонымен қатар Әлия мен Мәншүк, Сәбира мен Ләззат сынды нағыз қазақ қызына тән ерліктің, қаһармандықтың жаршысы болып келе жатқан әйел затына деген тілек толастамақ емес.

«Жұмақтың кілті — ананың аяғының астында», «Анаңды Меккеге үш рет алып барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген сөздердің өзі ана сөзінің қадір-қасиетін ұғындырып тұрғандай. Демек, оларды қалай құрметтесек те, қандай сый-сияпат көрсетсек те жарасады. Осы жолы анам мен жарымның анасына  еліміздегі санаторийге жолдама алып бердім.

 

Елдос Ғазизов, Құрмансай ауылдық округінің әкімі: Әр отбасының береке-бірлігін қалыптастырып, халқымыздың дәстүрі мен салтын, оның мәдениеті мен тарихын, тілін қадірлеуді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ол біздің аналарымыз. Дана халқымыз «Әйел ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген дана сөзді бекер айтпаса керек. Аналарымыз барлық сый-құрметке лайық.

— Қандай сыйлық болмасын шын жүректен сыйласа, ол әрбір жанның көңілінен шығады деп ойлаймын. Мереке қарсаңыңда әрине ең бірінші кезекте анамды отбасыммен барып құттықтап, гүл шоқтарын және сыйлығымызды беріп қуантуды жоспарлап отырмын.

 

Талғат Қиылбаев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі: Біріншіден аналарымызды, әжелерімізді, қарындастарымызды, жалпы барша нәзік жандыларды осынау келе жатқан 8-наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Аяулы аналар, ару қыздар, Сіздермен бұл өмірдің мәні зор. Мерекелеріңізбен, әрқашан өміріміздің гүлі болып жүре беріңіздер!

Мен осынау айтулы мерекеде өз анамды да құттықтағым келеді. Менің ойымша, анама қандай сыйлық алып берсем де, бәрінен биік тұратыны – «Анашым, сіздің мерекеңіз ғой», — деп бетінен бір сүйіп, ыстық лебізімізді жолдауымыздың өзі анамыз үшін теңдессіз сыйлық деп ойлаймын. Анаға қандай сыйлық берсеңде жарасады. Аналарымызға біздер әрқашан да қарыз бола береміз.

 

Батырбек Файзуллаев, Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінің мұғалімі:

Құрметті Арулар! Сіздерді 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Көктем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, жүздеріңізге нұр шашсын! Әрқашан шаңырақтарыңызда береке болып, үйіңізден жылулық кетпесін.

Жылына бір рет анамызға 8 наурызда не сыйлаймыз деген мәселе алдымыздан шығады. Дүкендерде сыйлықтан көп нәрсе жоқ көрінгенімен, сатып алайын дегенде не таңдарыңды білмей дал боласың. Оған қоса біз қарапайым дүниелерден гөрі ерекше сыйлық алуға тырысатынымыз тағы бар. Бірақ, мен осы жолы анам армандап жүрген көйлегін сыйламақшымын.

 

Орынбасар Умирбаев, такси жүргізушісі: Барша  ақ жаулықты аналарымыз, қара көз қарындастарымызды келіп жеткен халықаралық мерекемен құттықтаймын. Әлемді әлдиімен тербеткен аналарымыз аман болсын!

Түн ұйқысын төрт бөліп, бесік тербеп білегі талып, ақ сүтімен асыраған, ақ жаулықты анама әр күн сыйлық сыйласам да артық емесі ақиқат. Көңіліне медеу болып, әр күн анамды жақсы жаңалықтармен қуантып тұруға тырысамын.

Мен бұл әлемнен ақ анашымның тырнағына татитындай сыйлық таба алмаспын. Анамыз үшін басты сыйлық — ұл-қызының амандығы, ал біз үшін анамыздың амандығы құны жоғары сыйлық екені даусыз. Дегенмен де, Қасиетті Рамазан айы қарсаңында анаға ең жақсы сыйлық умрага жолдама деп ойлаймын. Жағдайым болса соны алып берер едім.

 

Ана — жыр әлемінде

 

8 Наурыз — Халықаралық әйелдер орай, Саржансай ауылдық кітапхананың кітапханашысы Жадыра Мадиеваның ұйымдастыруымен «Ана — жыр әлемінде» атты поэзия кеші өткізілді.

Шараның мақсаты: Халықаралық аналар мерекесі қарсаңында, ақын жазушылардың поэзиясын халыққа кеңінен тарату және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, түсіндіру, сезіндіру, көпшілік назарына ұсыну. Қыз балалардың ата-ананы сыйлауға, құрметтеуге, қадірлеуге және бір-бірімен сыпайы қарым қатынаста болуға тәрбиелеу;

Поэзия кешіне ұлағатты ұстаз Лиза Жасақова, «Балбөбек» балабақшасының тәрбиешісі Тұрсын Нұрмағанбетова, ауылымыздың бас дәрігері Гүлсамал Шаныбекова, бастауыш сынып мұғалімі Шынарай Елемесова және тарих пәні мұғалімі Жазира Реджепбаева, «Алаш» балабақшасының музыка жетекшісі Лаура Халмұратова, сұлулық шебері Айдана Нұрыш, аяулы ана Римма Дүйсенова сынды өнерпаздар және 2 сынып оқушылары ақын-жазушылардың поэзиясын оқып, әнін шырқады.

 

Сіз әлемдегі ең керемет жансыз!

 

Саржансай ауылдық клубында 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай «Сіз әлемдегі ең керемет жансыз!» атты мерекелік концерт өткізілді.

Мерекелік концертке «Алаш», «Балбөбек» балабақшаларының және, Саржансай жалпы орта білім беретін мектептің ұжымдары және клуб жанынан құралған «Ақ әжелер» ансамблі қатысты.

Іс-шарада ана туралы ән айтылып, мың бұралған бишілер би билеп, әжелеріміз әсем әндерін паш етті.

Селена Калменова,

Саржансай ауылдық клубының меңгерушісі.