Неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы

 

Бұл бастаманы толық қолдаймын.
Неке мен отбасының, ана, әке және баланың мемлекеттің қорғауында болуы – жай ғана декларация емес, әрбір үйдегі қауіпсіздік пен әділдіктің кепілі. Неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекітілуі отбасындағы өзара құрметті, жауапкершілікті және теңдікті нақтылай түседі.

Ең маңыздысы – бұл норма отбасылық зорлық-зомбылыққа мүлде жол бермеу қағидатын күшейтеді. Отбасы – қорқыныштың емес, қамқорлықтың ордасы болуы тиіс. Әйелге, балаға немесе әлсіз мүшеге күш көрсету дәстүр де емес, құндылық та емес. Керісінше, Ата Заң деңгейінде отбасының қорғалуы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, жәбірленушілердің құқығын қорғауға және кінәлілердің жауапкершілігін күшейтуге құқықтық негіз болады.

Балаларды тәрбиелеу – ата-ананың әрі құқығы, әрі міндеті екені бекітілуі ұрпаққа дұрыс үлгі көрсетуді талап етеді. Ал кәмелетке толған балалардың ата-анасына қамқор болу міндеті – қоғамдағы адамгершілік пен өзара жауапкершіліктің көрінісі.

Дәстүрлі құндылықтарды қорғау дегеніміз – зорлықты ақтау емес, керісінше, әділетті, қауіпсіз, тең құқықты отбасы құру. Осындай қағидалардың Конституцияда айқын жазылуы – әйелдер мен балалардың құқығын нақты қорғауға бағытталған маңызды қадам.

Мәртөк аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлмира Қуандыққызы Пралина