Оңай пайда болмайды

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидасын насихаттауға арналған кездесу өтті. Жастармен өткен жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, заңгерлер, психологтар қатысты.

Кездесуде құмар ойынның алдын алу, заңсыз ойын бизнесімен күрес және жастардың бос уақытын тиімді өткізу мәселелері сөз болды.
Алдымен Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисембин заңсыз ойын бизнесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, интернеттегі заңсыз ойындардың таралуы әлі де өзекті мәселе.
— Биыл облыста заңсыз онлайн-казино ұйымдастыру дерегі бойынша 3 қылмыстық іс тіркелді. Былтыр тұрғындарды заңсыз құмар ойындарға тартқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Қазір интернеттегі заңсыз жарнамаларға да жіті назар аударылып отыр. Азаматтар күмәнді сайттар мен платформаларға тіркеліп, жеке деректері мен қаражатын қатерге тікпеуі керек, — деді Жадан Бисембин.
Маманның айтуынша, заңсыз ойын ұйымдастырушылары азаматтарды әлеуметтік желілер, кино сайттары және басқа да интернет ресурстары арқылы арбап, оңай олжаға қызықтырады. Мұндай жарнамалардың жетегіне ермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу маңызды.
Жиында заңгер Ислам Болатұлы да құмар ойынға қатысты заң талабын түсіндірді. Ол әсіресе жастарды ойынға тартуға жол бермеу қажеттігін атап өтті.
— 21 жасқа толмаған жастарды құмар ойынға тартқандарға 300 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Кәмелетке толмағандарды букмекерлік кеңселерге кіргізуге де жол берілмейді. Мұндай талапты бұзғандарға заң аясында жауапкершілік көзделген, — деді Ислам Болатұлы.
Ол букмекерлік кеңселердің орналасуына және құмар ойындарды жарнамалауға қойылған шектеуге де тоқталды. Заң талабына сәйкес, букмекерлік кеңселер білім беру ұйымдары мен бірқатар әлеуметтік нысандардың маңында болмауы, салынбауы керек.
Жиында құмар ойынға тәуелділіктің психологиялық себептері де қозғалды. Психологтар ойынға қызығушылықтың біртіндеп тәуелділікке айналуы мүмкін екенін айтып, адам қиындықты жалғыз шешуге тырыспай, уақытында маман көмегіне жүгінудің маңызын түсіндірді.
Құмар ойынға тәуелділіктің алдын алуда адамның өзіне шектеу қоюына да жағдай жасалған. Азаматтар eGov мобильді қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысуын 6 айдан 10 жылға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектей алады. Бұл тетікті ойынға тәуелді екенін байқаған немесе құмар ойыннан бас тартқысы келетін адамдар пайдалана алады.
Кездесуге жастардың сұранысымен WBC Asia чемпионы, UBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы Нұртас Әжбенов те қатысты. Жиында сөз алған спортшы өз жолы, спорттағы жетістіктері туралы әңгімелеп, күнделікті жаттығудың адам мінезіне, іс-әрекетіне қалай әсер ететінін, жалқаулықты жеңу, жетістікке жету туралы кеңес берді.
Жастар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құмар ойынның алдын алу, заң талабы және салауатты өмір салты туралы пікір алмасты.