Өнерлі отбасы ел болашағына бейжай қарамады

Ақтөбедегі №9 мектеп-гимназиясында орналасқан №27 сайлау учаскесіне 28 баланы бауырына басқан өнерлі жұп — Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова арнайы келіп, дауыс берді. Тек өздері емес, балаларымен бірге келіпті.
Отбасындағы балалардың үлкені 25-те болса, бүгін алғаш дауыс берген қыздары Милана сәуірде он сегізге толған. Ол А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде білім алып жүр. Ал кәмелеттік жасқа толмаған кішкентайлар үйде қалған.
Ұлттық өнерді серік еткен көпбалалы отбасы бұл күнді ел болашағы үшін жасалатын маңызды қадам деп санайды. Әрбір отбасы үшін сайлау — бұл жай ғана азаматтық міндет емес, ел ертеңіне деген жауапкершілік. Әсіресе, осыншама баланы тәрбиелеп отырған ата-ана үшін елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың орны бөлек. Бұл ретте дәстүрлі әнші, Мәдениет саласының үздігі, «Шапағат» медалінің иегері Амангүл Ешпанова ойын сабақтап:
— Балаларымыздың қандай ортада өсіп, қандай елде өмір сүретіні біз үшін өте маңызды. Өйткені әр шаңырақтың үміті мен арманы бейбіт те жарқын келешекпен тығыз байланысты. Сондықтан ел өміріндегі маңызды шешімдерден тыс қала алмаймыз. Әр азаматтың жеке көзқарасы болғаны жөн. Сайлау кезінде әркім ұстанымын саралап, шешімді өзі қабылдайды. Біз де бұл күнге бейжай қарамай, отбасымызбен бірге келіп, таңдау жасадық, — деді.
Амангүл Ешпанова жұбайы, жыршы Өмірхан Жетесовпен бірге балаларын ұлттық өнерге тәрбиелеп келеді. Оның айтуынша, отбасында әр баланың қабілетіне ерекше көңіл бөлінеді. Бірі ән салуға қызықса, бірі домбыра шертуге, енді бірі сахна өнеріне бейім. Ата-ана баланың бойындағы осындай қызығушылықты байқап, оны дамытуға жағдай жасауға тырысады. Осы ұстанымның нәтижесінде 2004 жылы «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі құрылған. 2012 жылы ұжымға «халықтық» атағы берілді.
Жиырма екі жыл ішінде отбасы біраз баланы тәрбиелеп, ұлттық өнерге баулыған. Қазір ансамбль құрамында 22 бала өнер көрсетеді. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Жас өнерпаздар домбыра, қобыз және басқа да ұлттық аспаптарда ойнап, дәстүрлі ән, терме айтып, жыр-дастандарды орындайды. Ансамбль мүшелерінің бірқатары Астанадағы жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Тағы бірқатары Ақтөбе музыкалық колледжінде, Қазанғап атындағы өнер мектебінде және «Ер Едіге» жыр мектебінде.
«Шашу» ансамблі облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда талай рет топ жарды. 2023 жылы Ташкентте өткен «Дарынды сазы» халықаралық өнер фестивалінде және Қазалы ауданында ұйымдастырылған республикалық отбасылық ансамбльдер байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. Былтыр Ақтауда, Мәскеуде өткен халықаралық байқауларда да жеңімпаз атанды. Ұжымның репертуарында қазақтың дәстүрлі ән-күйлері, термелер, халық композиторлары мен заманауи авторлардың шығармалары бар. Өнерлі отбасы кәсіби мамандармен тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарына қатысып, шығармашылық ізденісін жалғастырып келеді.
Бүгінде «Шашу» — ұлттық өнерді отбасылық тәрбиемен ұштастырған ерекше шығармашылық ұжым. Жетесовтер әулеті үшін өнер — сахнада шығу ғана емес, бала тәрбиесінің, ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізудің бір жолы.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.




