Сағынышпен еске аламыз…
Ұстазыма сағыныштан…
Ұстаз деген жарық күні ғаламның
Ұстаз деген анасы ол адамның
Бүгін қалам алып, ұстаз туралы ой толғауыма «Марқұм Сандуғаш апайым көзі тірі болғанда «Ұстаздар күні» меркесімен құттықтар едім…» деген ойдан шыққан еді…
Жүрекжарды мақалам 9 сынып бітіріп, оқуға түсерімде сәт-сапар тілеп, ыстық ықыласымен үлкен өмірге сәттілік тілеп жіберген ұстазыма деген жүрек лүпілінен туындаған ілтипат, сағыныш сазы еді.
Көп уақыттан бері әттең, апайым туралы жазсам ғой деген ой бар болатын. Әйтеуір соның сәті түспей, толғағы піспей-ақ қойды. Неше сан рет үстел басына отырғам. Неге екенін білмеймін, жүрегім дауаламайды. Былай қарасам бәрі көкірегімде сайрап тұрғандай «Сонау 5-ші сыныпқа келгенімнен білім берумен қатар өмірге бейімдеп, орта буынға кеп есейгенге дейінгі өмірді қасында өткіздік. Неге мен бұл тақырыпқа бара алмаймын, неге жаза алмаймын, не кедергі?!», — деп ойлағам. Оның себебін қазір ғана түсіндім. Ол туралы айтар сөздің жауапкершілігі екен қолды байлаған. Әсіресе жазудағы жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ол да бір ұшып кеткен құс, қайтарып ала алмайсың. Апайым, өмірдегі кез-келген мәселеге осындай өлшеммен, асқан жауапкершілікпен қарайтын. Амал қанша, ұстаздың сол талабынан шыға аламын ба, жоқ па, тәуекел деп бастадым.
Өмір — жай ғана өте шыққан сәт емес, есте қалған күндер… Себебі жылдар артта қалған сайын мына өмір мен тіршіліктің шын мағынысында «жалған» екеніне бір уақыт көзің жете түскендей болады. Күні кеше ғана мейірімді, сұлу, жарық дүниенің сәуле нұрына шомылып, бізге білім мен тәрбие берген ұстазымыз туралы ойлаған сайын «естелік күндерімнің» төрінде қалғанын сеземін.
«Ұстаз — мектеп жүрегі» деген салиқалы сөз бекерге айтылмаған. Әр баланың мектепте жанына жақын мұғалімі болады. Ол мұғалімнің қандай екенін бала көзімен бағалап, ең жақын адамындай жақсы көріп суреттеп айтып жүреді.
Мұғалім мамандығының мықтылығын және таудай тұлғаны еске түсіретін «өмірде әлі талай қиындықтарға кезігесіңдер, қазіргі қиындықтарың түк те емес…» деп, онан басқа
Шыда, шыда
Шыдай түс, шыда тағы
Шыдамдыны мына өмір ұнатады
Үміттің Кұлан иек құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады… деп лирик ақын Мұқағалидің өлең жолдарын жиі айтып жүретін аяулы да, қадірлі ұстазым Сандуғаш Қыдырбайқызы Шудабаева әр кез көз алдымда тұрады. Өзім 2002-2007 жылдар аралығында оқыған №2 Мәртөк орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, класс жетекшім болған апайым мәңгі есімде… Оқушы болған бал дәурен күндерге саяхат жасап, сыныптастарыммен ойнап-күлген шуақты шақтар санаға оралды.
5 кластан бастап басқа пәндерден беретін мұғалімдер біздің сыныпты «мектептегі тәртіпсіз класс» дейтін. Жалғыз Сандуғаш апайымыз өз алдына келген әр үйдің бір-бір еркесін басынан сыйпап, өз аузынан шыққан сөздің олар үшін заңдылық екеніне, оны орындау керектігіне өз шеберлігімен иландыра білетін. Сол себептен де болар, білім ордасындағы тәртіпсіз сыныптардың бірі болсақ та, мептепішілік шараларға белсене қатысып, жүлделі орындар алып жүретінбіз. Сол кездері апаймыз қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергеннен бөлек бізге сынып жетекші, сонымен қатар мектепте кітапханашы болатын. Мектепішілік жарыс болатын болса «тентек класын» артынан балапандарша ертіп кітапханаға апаратын. Апайымызбен қаншама қызықты уақыттарымыз сол кітапханада өтті. Ақылын да айтып, мектепішілік шараларға да дайындалтып үлгеретін.
Ұстазым нәзік жанды, атына заты сай, өте қарапайым, қайырымды адам еді. Оның қатты дауыс көтергенін де көрмеппіз. Өткізген әр сабағы тәрбиелік қасиетке толы еді. Сол кездегі біздердің «ең сүйікті ұстазымыз» еді… Біз жаны сұлу Сандуғаш апайымыздың сөздерін, кеңестерін, ізгілікті лебін көріп, көркейіп өскен лек едік…
Сандуғаш апай әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде көп шәкірттерінің жадында жанды сөздер қалдырды, оқушыларының жетістіктерінен ұстаздың қолтаңбасы көрінеді. Өзім, қазіргі таңда ұстазымның берген білім нәрі мен тәлім-тәрбиесінің арқасында баспа саласына өз үлесін қосушылар қатарынан екенімді, әр сөздің астарына мән беріп, шұрайын шығара қолдана алатын Сандуғаш апаймен бір ауамен тыныстап, оның қамқорлығында 5 жыл оқығанымды мақтан етемін.
Жалғыз мен емес, менің құрдас-сыныптастарымның дені «Сандуғаш апайдың ақылымен есейді». Апайдың өмірлік кеңесін алды, қолдауын сезінді, жаңа өмір соқпақтарында ол жел жағымызда пана, ық жағымызда сая бола болды. Қазір ойлап қарасақ сол кездері ол небәрі 20-дан енді асқан кезі екен. Сыныптастар болып жиылып қалғанда «қап, неге ол жаққа тым ерте кетті екен, мектепте бала болып, тентек болып әкелуге болмайтын ойыншықтарымызды әкелгенде жиып ап «сандығыма салып қоямын, 11 класс бітіргендеріңде беремін, ұялып, бәріміз күліп еске аламыз» деуші еді, әттең сол күнді көре алмадық…» деп есімізге алып отырамыз.
Ол тірі болғанда биыл 41-ге толар еді. Амал қанша, тағдыр жібі тым ерте, кенеттен үзілді. Содан бері де 16 жылға жуық уақыт өтіпті. Бәрібір оны «тентек класы» сағынышпен іздейді, зор ілтипатпен еске алады…
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.