Сайлау — бұл жай ғана дауыс беру процесі емес, бұл әрбір азаматтың мемлекет басқару ісіне тікелей араласуы және өз болашағын айқындау құқығы

«Сайлау — бұл жай ғана дауыс беру процесі емес, бұл әрбір азаматтың мемлекет басқару ісіне тікелей араласуы және өз болашағын айқындау құқығы. Бүгінгі таңда еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып жатқанда, сайлаудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Конституция бойынша биліктің бірден-бір бастауы — халық. Сондықтан сайлау учаскесіне барып, таңдау жасау — әрбір Қазақстандықтың азаматтық парызы мен жауапкершілігі.» Ауданымызда осы жауапты кезеңге дайындық қызу жүріп жатыр. Комиссиялардың жұмысы, сайлау учаскелерінің әзірлігі мен ұйымдастыру шаралары туралы Мәртөк аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Райзих Әсем айтып берді.
— Алдымен Мәртөк ауданындағы сайлау жүйесінің бүгінгі жай-күйіне тоқталсаңыз.
— Бүгінде Мәртөк ауданында сайлау жүйесі толыққанды жұмыс істеп тұр. Аудан бойынша 44 сайлау комиссиясы бар. Оның ішінде бір аумақтық, 11 округтік және 32 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Жалпы комиссия құрамында 242 адам қызмет атқарады. Қазіргі таңда комиссиялар құрамында бос орын жоқ.
Ауданда 32 сайлау учаскесі орналасқан. Оның 6-ы Мәртөк ауылдық округінде болса, қалғаны басқа ауылдық округтерде орналасқан. Бүгінде аудандағы сайлаушылар саны — 19 391 адам.
— Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы қандай деңгейде?
— Сайлау науқанының ашық әрі сапалы өтуі үшін материалдық-техникалық қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау — басты назардағы мәселе. Барлық сайлау учаскелері қажетті ақпараттық стендтермен, арнайы талаптарға сай дауыс беру кабиналарымен жабдықталған. Әр учаскеде көру қабілеті төмен азаматтарға арналған үлкейткіш әйнектер, қосымша жарық көздері, құлаққаптар, арнайы трафареттер мен қажет болған жағдайда Брайль қарпі қарастырылған. Сонымен қатар компьютерлер орнатылған.
— Ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылған. Ауданымыздағы 32 сайлау учаскесінің 26-сында пандус орнатылған. Ал қалған нысандарға олардың қажеттілігі жоқ. Барлық пандустарда шақыру батырмасы қарастырылған. Сондай-ақ автотұрақтарда арнайы орындар белгіленіп, ғимараттарға кіреберістен бастап дауыс беру жәшігіне дейін тактильді бағыттағыштар орнатылған.
Сайлау науқаны кезінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп бір инватакси қызмет көрсетеді.
Бүгінде ауданда ерекше қажеттілігі бар 80 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 32 адам арба пайдаланады, 32 адамның көру қабілеті бұзылған, ал 16 адамның есту қабілетінде ерекшелік бар. Сонымен қатар барлық сайлау учаскесі бірінші қабатта орналасқан және толықтай қолжетімді деп бағаланған.
— Алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр?
— 2026 жылғы 23 тамызға жоспарланған Құрылтай депутаттарының сайлауына әзірлік бекітілген кестеге сай атқарылуда. Қазіргі уақытта учаскелік сайлау комиссияларын қажетті жабдықтармен және материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жалғасып жатыр.
Сонымен қатар, сайлау науқаны аясында комиссия мүшелерін кезең-кезеңімен оқыту курстары басталды. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының өкілдері өз біліктіліктерін арттырып, арнайы тестілеуден өтеді.
— Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қалай ұйымдастырылмақ?
— Бұл бағытта да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан бойынша кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 14 орын, ал үгіт материалдарын орналастыруға арналған 27 арнайы орын бекітілді.
— Рахмет!

Сұхбаттасқан аудандық «Мәртөк тынысы» қоғамдық саяси газетінің тілшісі А. Келбатырова