Тектілік — асыл қасиет
Бала кезден үлкендерден тектілік туралы көп естідік. Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады. Тектілік атаның қанымен, ананың сүтімен бойыңа дарып, сүйекке біткен асыл қасиет.Тектілік — терең тамырлы бай тарихы бар қазақ халқы қашанда асылы мен жасығын, жаманы мен жақсысын парықтауға айрықша мән беріп, тектілік қасиетті ерекше биік деңгейге көтерді. Тектің һәм ұрпақтың тағдыры — ұлттың тағдыры. Атам қазақ келешек ұрпағының кемел болуы үшін өзіне талапты биік қойған. Зерделі, тапқыр, жігерлі, қайратты, ақылды, білімді, т.б. болып өсуді ер жігіттің басындағы асыл қасиеттерге теңеген. Қазақта біреудің баласы жақсы өнегелі азамат болып өссе: «Оның әкесі жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан ғой», — дейді.
Тілге тиек етер текті ұрпағы – Капетов Сайын Жансапұлы. 1944 жылы 15 қаңтарда Мәртөк ауданы, Жаңатаң ауылында дүниеге келген.Биыл 80 жасқа толар ма еді…(15.01.1944 – 05.08.2015)
Музейдің спорт бұрышындағы тарихта қалған үздік шебер спортшылар қатарында қайратты, келбетті Сайын атамыздың өмір –дерегі, тектіліктің жалғасы іспетті. Өз қолымен жазып кеткен өмірбаян дерегінде: «1956 жылы 6 кластан бастап Ақтөбе қаласындағы Құсайынов атындағы қазіргі дарын мектеп – интернатында оқып, 1960 жылы оныншы класты бітірдім.Мектепте оқып жүріп шаңғы, жеңіл атлетика және жазда суда жүзу спорттарымен шұғылданып облыста жүлделі орындарға ие болып, Облыс құрама командасына кірдім.1961 жылы Жайсаң училищесінде оқып жүріп қаңтар айында Көкшетау облысы, Щучинск қаласында шаңғыдан, жазда 11 маусым күні Петропавловск қаласында өткен спортакиада кезінде велоспорттан 25 км қашықтықта 1 орын алып Қазақстан құрамасына кіріп Рига қаласына барып, онда 3 орынға ие болдым.
1961 жылы 28 тамызда Алматыда өткен велоспорттан Қайрат құрамында 50 км қашықтықта 1 сағат 17 минут14 секундпен жетіп 1 орын алдым.1961 жылы 1 қыркүйектен бастап Батыс Қазақстан аймағының басқармасында ВДСО «Еңбек резервінде» шаңғыдан және велоспорттан аға жаттықтырушы болып жұмыс істедім» — деп жазады. Есептеп қарасақ 17 жастағы бозбаланың сол кездегі жетістігі, ауданымыздың мақтанышы болса керек.
1961 – 1963 жылдары 3 жыл қатарынан Алматы қаласында жастар аралық жарыстарда «Қазақстан чемпионы» атанып, ал Облыста шаңғыдан 3 орынға көтерілген. Сол аралықта 1962 жылы шаңғы жарысынан Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының батыры Вавилов С.В. атындағы кубокты жеңіп алады.
1963 жылы Алматыда өткен Қазақстан халқының 2-ші спартакиадасында 1-5 шілде аралығында Батыс Қазақстан құрама командасының мүшесінде болып 50 км және 100 км қашықтықта «Спорт шебері» атағына ие болып, куәлік №34726 28.11.1963 жылы беріледі. 1961 – 1968 жылға дейін Қазақстан құрамасында болып, бүкілодақтық жарысқа қатысқан.1967 жылы 25 маусымда Ақтөбеге Батыс Қазақстан аумағының басқармасы «Еңбек резерві» қайтып келіп жаттықтырушы бола жүріп, Жайсаңда СПТУ-ға ауысым өндірістік оқытудың шебері болып жұмыс жасайды.1974 жылы Қаратоғай ауылында трактор және а/ш машинасы мұғалімі болып қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан. Өмірбаяндық жазбасында; «үш балам, үш немерем бар. Екі балам Қарағанды университетін бітірді. Қызым Астанада, кіші балам Қарағандыда. Үлкен ұлым Аяпберген Жайсаң орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен мұғалім болып жасайды»- деген жазбасы бар.
Мақалда басында атадан – балаға қанмен келетін тектілік туралы қозғалған еді. Сайын атамыздың әкесі Капетов Жансап Жұбатырұлы – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сауда және қоғамдық тамақтандыру қызметкері болған.
Капетовтар әулеті ұстаздықтың жолын ұстанған династия: Сайын Жансапұлы – өндірістік оқыту шебері, еңбек қызметкері болған. Аяпберген Сайынұлы – технология және экономика пәнінің мұғалімі. Гүлжан Сайынқызы (математика ғылымдарының кандидаты) – математика-экономика пәнінің мұғалімі, Қазбек Сайынұлы – тарих пәнінің мұғалімі, жұбайы Айнұр Егінбайқызы – тарихшы. Аққымбат Аяпбергенқызы – тамақ өндірісі технологы колледжінің оқытушысы.
Аталас туысы; Жақсыбай Ақбатырұлы – математика, физик, жұбайы Жулекенова Алима – бастауыш сынып мұғалімі, Ақан Жақсыбайұлы – колледж оқытушысы, өндірістік оқыту шебері, зайыбы Әсемгүл Киекбайқызы – физика, информатика пәнінің мұғалімі. Серік Жақсыбайұлы – өндірістік оқыту шебері, зайыбы Ажар Ерсейітқызы – тарих пәнінің мұғалімі. Қазір де Жайсаң ауылында тұратын білім саласында 40 жылдан (1977 -2013) аса қызмет еткен, оның ішінде 34 жыл Жайсаң орта мектебінің директоры болып зейнеткерлікке шыққан Капетов Жақсыбай Ақбатырұлы айтуынша: атамыз Капет өз заманында бай – қуатты адам болған. Атамыздың фото суреті сақталған. Біздің руымыз Кетенің Мамыты. Бала кезімізде бізден көп мәліметті жасырды. Қай аумақтан келгеніміз, қай жерде ата тұрақтары болғанын айтпады. Капет атамыз кіндігінен тараған Жұбатыр, Ақбатыр, Жанбатыр, Ұлықпан. Осы ағайындылар ішінде қызметте болған Жанбатыр мен Ұлықпан саяси қуғын – сүргінге ұшыраған. Сол себепті, ұрпағын сақтау үшін айтпаған болса керек.Мен Ақбатырдан тараған ұрпағымын.Ал Жансап ағамыз Жұбатырдың баласы. Сайын Жансапұлы Жұбатырдың немересі.Жұбатыр Капет атамыздың үлкені болса керек. Ақбатыр 1900 жылғы. Ал қуғынға түскен Жанбатыр 1903 жылғы, Ұлықпан 1909 жылғы. Сол алмағайып кезеңдерде ағайындылар бір – бірінен көз жазып қалса керек.
Мәртөк ауданы қуғын – сүргін құрбандары тізімінен Капетов Жанбатыр (1903) және Капетов Ұлықпан (1909) аталары жазылған. 2022 жылы «Өткенге құрмет – мәңгілік міндет» тақырыбында өткен саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу шарасына Капетов Аяпберген Сайынұлын шақырған болатынбыз. Аяпберген Сайынұлы айтуынша: «біраз мәліметтерді кезінде әкем іздеп прокуратура жағалап барып тапты. Құжаттар ішінде қол сағаты болған. Бірақ, ештеңе сақталмаған. Әкем архивтен құжаттарын қараған сәтін есіне де алғысы келмейді. Күрең қанға боялған парақтар жүрегін шайлықтырған. Қол таңбасын басу үшін, күш салса керек. Жанбатыр қызы Зейнеппен 70 жылдары қауыштық. Ол Шымкенттен табылды. Кезінде жетімдер үйіне өтіп кеткен бауырларын іздеп газетке жазады. Бақыт апамыз газеттен хабарын біліп, Мәртөкке шақырып кездескен. Қуғынға түскенен кейінгі өмірлері шым- шытырық оқиға десе де болады. Аталарымыз жиналып қалғанда балаларды шығарып жіберіп әңгіме – дүкен құратын. Ал мен тығылып қалып, тыңдайтынмын. Соның әсері болса керек шежіре, өлкетану бағытында қызығушылығым артты. Жинақтаған тарихи мәліметтеріме Санкт-Петербургтің мемлекетаралық кеңесінің төрағасы А.В.Бруй 15 сәуір 2019 жылы «Білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалін және диплом жіберген. Сонымен қатар энциклопедияға енгізген. Ал әкем Сайын туралы кезінде Голландияға барған спортшылар айтып келген болатын. Велоспорт шеберлеріне арналған музейде әкемнің фото – суретін көріп таң қалған. Ауылға жеткізгенде әкем қатты қуанып, тойлатқан. Ал біздің тегіміздің «Капетов» болуы ұрпақтан – ұрпаққа сақталуында бір сыр болса керек. Кезінде қуғын көрген ұрпағы тегі арқылы бір – бірін тауып алар деген үміт болуы мүмкін. Өйткені өте сирек кездесетін фамилия.
Интернет желісіндегі қуғынға түскендердің «Ашық тізім» порталындағы мәліметтерінен дерек келтірсек: Капетов Жанбатыр (кей деректер Жанабатыр) 1903 жылғы, ұлты — қазақ. Туған жері: Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, 11 ауыл. Білімі: орта. Ұсталғанға дейін: Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылында тұрған. Ырғыз аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді. 1937 жылы 10 қарашада Ақтөбе облысы бойынша НКВД тұтқындаған. РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10, ату жазасына үкім шығарылған. 07.05.1957 ақталған.
Капетов Лукман (аты тізбеде Лукман деп жазылған) 1909 жылғы, ұлты – қазақ. Туған жері: Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы. Қостанай облысы, Комсомол ауданы, Терентьевка ауылы. Директордың есеп жөніндегі орынбасары. 1938 жылдың 18 қаңтар қамауға алынған. РСФСР Қылмыстық кодексінің 58, 2, 58, 7, 58, 10, 58, 11 тармақтары айыбы тағылған.1938 жылы 13 ақпан Қостанай облысы бойынша УНКВД үштігімен сотталып, ату жазу жазасына кесілген. Қостанай облыстық сотының шешімімен 13 тамыз 1962 жылы ақталған.
Әлде де тарихи тұлғалардың айтылмаған ақиқаты баршылық. Қазірде Жайсаң ауылында тұратын Капетов Аяпберген Сайынұлы тектінің ұрпағы. Өлкесінің ұлтжанды өлкетанушысы. Жеке архивіндегі құжаттар, фото – суреттердің құнды қоры әлі жарыққа шығып, ұрпаққа ұлағатты ізгілікті ізімен қалары анық.
Ұ.Осанова,
Мәртөк музейі директоры,
штаттан тыс тілші.