Тоқаев Тимур Турловты FIDE президенті болып сайлануымен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шахмат федерациясының президенті, кәсіпкер әрі меценат Тимур Турловты Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті қызметіне сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы жолдаған жеделхатта Тимур Турловқа әлемдік деңгейдегі беделді ұйымның басшысы ретіндегі жұмысына табыс тіледі.
Президент отандасымыздың жаңа қызметінде халықаралық шахмат қауымдастығының дамуына үлес қосып, жоғары нәтижелерге жететініне тілектестік білдірді.
Қазақстандық кәсіпкер, Freedom Holding Corp. халықаралық қаржы тобының негізін қалаушы әрі басшысы, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланды.
Президент сайлауы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтті. Дауыс беру қорытындысында Тимур Турлов көпшілік қолдауға ие болып, әлемдік шахмат ұйымының басшысы атанды.
Турлов сайлауалды бағдарламасында шахматты ұзақ мерзімді қаржыландыру, FIDE қызметін цифрландыру және ұлттық шахмат федерацияларының дербестігін арттыру мәселелеріне басымдық берген.
FIDE президенті лауазымына Тимур Турловпен бірге Германиядан екі кандидат – инвестор Ян Хенрик Бюттнер мен кәсіпкер Вадим Розенштайн да үміткер болды. Розенштайн сайлауға Германия шахмат одағының ресми өкілі ретінде қатысты.
Осылайша, шамамен 30 жыл ішінде алғаш рет Халықаралық шахмат федерациясын ресейлік емес азамат басқарды.
2018 жылдан бері FIDE президенті қызметін ресейлік Аркадий Дворкович атқарып келген. Кейін ол өкілеттігін уақытша тоқтатып, Еуропалық одақтың санкциялық тізіміне енгізілгеннен кейін президенттік сайлауға қатыспау туралы шешім қабылдады.
Айта кетейік, Каспийдегі қайғылы оқиғаға байланысты Тоқаевқа шетел көшбасшыларынан көңіл айту жеделхаттары келді.




