Тоқаев жасанды интеллект жобаларымен танысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge 2026 халықаралық ІТ-форумы аясында жасанды интеллект, цифрлық технология және роботты техника салаларындағы жобалар көрмесін аралады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University әзірлеген AI-Enabled University моделі, Trusted Kazakhstan, ALFA жобалары және Aitu ұлттық мессенджерінің жаңа мүмкіндіктері таныстырылды.

Фото: Ақорда

Сондай-ақ, көрмеде «Самұрық-Қазына» қоры мен Higgsfield.ai компаниясының технологиялық шешімдері және «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» дамыту жоспары ұсынылды.

Жобалар жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізуге, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, 2-3 қазанда «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық технологиялық форумы ұйымдастырылады. Форумда жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына қатысты мәселелер талқыланады.

Форумға шетелдік және қазақстандық ЖИ жобаларына қатысты мамандар келеді деп күтілуде. Мәселен, NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг келеді деген ақпарат бар.