Ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы Наурыз мейрамы

Ұлттық бірегейлікті сақтау және оны дамыту үшін мәдениет, оның ішінде ұлттық киімдер мен дәстүрлерді дәріптеу үлкен рөл атқарады. Құрылтайда мемлекет басшысы айтып өткендей, халқымыз үшін Әз-Наурыз мейрамының орны ерекше, себебі ол тек табиғаттың жаңаруы мен жаңғырған кезеңін ғана емес, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мен сақтаудың символы болып табылады.

Жаңа тұжырымдама бойынша Наурыз әр өңірде он күн бойы атап өтілуде, оның әр күніне нақты атау беру – халықты ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерге тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Әсіресе, «Ұлттық киім күні» сияқты бастамалардың қоғамда үлкен қолдауға ие болуы, ұлттық киімдерге деген сұраныстың артуы – ұлттық мәдениеттің қайта жаңғыруының айқын белгісі.

Ұлттық киімдерімізге деген қызығушылықтың артуы, оны күнделікті өмірде қолдануға деген ұмтылыс – біз үшін өте маңызды үрдіс. Әрбір киімнің артында тарих пен дәстүр жатыр. Бұл тек сән емес, біздің тарихымыз бен болмысымыздың көрінісі. Сондықтан ұлттық киімдерімізді дәріптеу, оларды қазіргі заман талабына сай бейімдеу және кеңінен қолдану – ұлттық сананы жаңғырту мен бірегейлігімізді сақтау жолындағы маңызды бастама.

Президенттің айтқанындай, біздің ұлттық киімдеріміз ерекше, олар біздің мәдениетімізді, дәстүрімізді, тарихымызды айқындайды. Сондықтан бұл үрдіс елімізде кеңінен қолдау тауып, ұлттық киімдерімізді насихаттауға және оны күнделікті өмірімізге енгізуге бағытталуы қажет.

Ұ. Осанова
Мәртөк аудандық тарихи- өлкетану музейінің директоры