Ұстаз арманы

Әр адамның өмірінде ата-анасынан кейін жүрегіне ерекше жақын, есейе келе сағына еске алатын аяулы адамы болады. Ол — ұстазы.
Мектеп табалдырғын имене аттаған бүлдіршіннің қолына алғаш рет қалам ұстатып, әріп үйретіп, хат танытқан, шәкіртінің жан дүниесіне шуақ түсіретін де осы ұстаз. Мағыналы өмір сүруге тәрбиелеп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі қаншама жылдар өтсе де саналы ұрпақтың көңіл төрінен орын алары анық.
ХХІ ғасыр — білімділер мен бәсекеге қабілеттілер ғасыры. Ендеше, бізге ой-өрісі жоғары, жан-жақты дамыған, парасатты ұстаз керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Тәуелсіз Қазақстанда өркениетке апарар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы — мұғалім.
Білім нәрімен сусындатып, ғылымның тереңіне бойлатқан, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі — білімді шәкірт. Шәкірттеріміздің білімді, тәрбиелі, ұлтын сүйетін тұлға, иманды, адамгершілігі зор азамат болып шығуына атсалысу — біздің басты міндетіміз.
Соңғы жылдары еліміздің білім беру саласында түрлі реформалар қолға алынып, елдің болашағы — жас ұрпақ тәрбиесіне мықтап көңіл бөлу мәселесі жақсы жолға қойылып келеді. Сабақ беру үрдісіне енгізілген жаңашылдықтар шәкірттердің сыни ойлау жүйесін қалыптастырып, өз нәтижесін беріп те жатыр. Білімді жастарымыз республикалық, облыстық, қалалық олимпиадалардан озып шығып, әртүрлі деңгейдегі жеңістерімен қуантып келеді.
Бір ғасырға жуық тарихы бар Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясында ұстаздық еңбек жолымды бастағаныма үш жылдан асыпты. Ең алғаш білім мекемесінің табалдырығын аттағанда, бірінші сыныптың баласындай қобалжыған күйде, сабақ беру барысында көп әдіс-тәсілді білмейтін, тәжірбиесі аз жас маман едім. Сол сәтте өздерінің өмірлік тәжірибесін бөліскен, бағыт-бағдар берген алдыңғы буын әлі күнге дейін маған ақыл-кеңесін беріп, жол көрсетіп келеді. Қазіргі таңда тарих пәнінен сабақ беріп, шәкірттерімнің санасына дүниежүзі, Қазақстан тарихы бойынша білім көкжиегін барынша кеңейтуге күш салып жүрмін. Сынып жетекшісі ретінде сабақтан тыс уақытта да оқушыларыма барынша көңіл бөлуге тырысамын.
Менің арманым — келешекте ұстаз деген ұлы есімге дақ түсірмей, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беру. Келешекте ұлағатты ұстаз деген атқа ие болсам деймін.
Орынгүл ЕСІМӘЛИЕВА,
Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының
тарих пәнінің мұғалімі.
Ақтөбе қаласы.




