Заңды білу — міндет

Д.Қонаев атындағы орта мектеп-гимназиясында «Заң және жасөспірім: Құқық. Міндет. Жауапкершілік» атты қалалық интерактивті кездесу өтті. Іс-шараға құқық қорғау саласының өкілдері, қалалық білім бөлімінің мамандары және оқушылар қатысты.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аркен Мұқамбетәзиевтің айтуынша, білім ордасында жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін білуге баса назар аударылған. Қазір мұнда профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
— Кезекті интерактивті кездесу Алматы ауданына қарасты жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Шара барысында білім алушылар интернет алаяқтардан қорғану, құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде түйткілді сұрақтарға жауап ала алды. Мектепте оқушылардың қауіпсіздігіне жауап беретін учаскелік полиция қызметкерлері бар. Сондай-ақ оқу ордасының жанынан құрылған «Тәртіп сақшылары» тобы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында рейдтік және профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысуда. Сонымен қатар оқушылар арасында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, өзара сыйластық пен қауіпсіз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мақсатында мектебімізде арнайы марафон-байқау ұйымдастырылып жатыр. Мұнда оқушыларды өзара құрмет, достық, қауіпсіз интернет және буллингке жол бермеу тақырыптарындағы түрлі жұмыстарға қатыстыру жоспарланып отыр, — дейді ол.
Кездесу барысында қалалық білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаев құқықбұзушылықтың алдын алуда өткізіліп жатқан профилактикалық шаралар өз нәтижесін беріп жатқанын жеткізді.
— Қалалық білім бөліміне қарасты 121 ұйымда 118 мыңнан астам оқушы оқуда. Биылғы оқу жылынан бастап қаламыздағы барлық білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге арналған бірыңғай 337 сынып сағаты мен жалпықалалық ата-аналар жиналыстары мен семинарлар өткізілді. Бүгінде білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Ата-аналар кезекшілігі» жобасы ұйымдастырылуда. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Шара барысында оқушылар құқық қорғау өкілдерінің мамандарымен өзара пікір алмасты, — дейді ол.
Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция мойоры Жәнібек Шағыров жыл басынан бері 722 интернет алаяқтық оқиғасы тіркелгенін айтады. Осыған орай полиция қызметкерлері цифрлық және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндірме жұмыстарын білім алушылар арасында жиі ұйымдастырады.

— Әккі интернет алаяқтардың құрбаны болмау үшін белгісіз нөмерден түскен хабарламаға немесе сілтемеге өтпеңіз. Алаяқтар жасанды интеллектінің көмегімен кез келген адамды алдауға тырысады. Мәселен, Free Fire, PUBG, Roblox секілді онлайн ойын чатында отырған алаяқтар «аккаунт сатамын», «арзан зат беремін» деп ата-аналардың банк картасының деректерін алдап сұрап алады. Бірде алаяқтар 13 жастағы бір баланы осылай алдап, анасының картасынан 200 мың теңге жымқырыпты. Сондай-ақ 17 жастағы қала тұрғыны инвестиция саламын деп алаяқтардың құрығына қалай түскенін байқамаған. Сондықтан жеке есепшот нөмірі мен банк карточкасының деректерін ешкіммен бөліспеген абзал, — дейді полиция мойоры.