Жаңа Конституцияның қарапайым еңбек адамдарына берер артықшылығы мол деп есептеймін

Ауыл шаруашылығымен айналысып, туған жердің топырағын түренімен ақтарып жүрген шаруа ретінде Жаңа Конституцияның қарапайым еңбек адамдарына берер артықшылығы мол деп есептеймін. Ата заңымызда «Жер және оның қойнауы халықтың меншігі» деп тайға таңба басқандай жазылуы – ауылдағы ағайынның, әсіресе диқандар мен малшылардың көңіліне үлкен сенім ұялатты. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің күшеюі мен мәслихаттардың рөлінің артуы біз сияқты шаруа қожалықтарына ауылдың мәселесін ашық айтуға, жерді игеру мен бөлудегі әділдікті талап етуге нақты мүмкіндік беріп отыр. Әділетті Қазақстанның іргетасы ауылдан, еңбек адамының маңдай терінен басталатыны анық. Сондықтан жаңарған Ата заң ауыл шаруашылығының дамуына, аймақтардың өркендеуіне және қарапайым еңбеккерлердің мәртебесінің биіктеуіне берік кепіл болады деп кәміл сенемін.
Аткиев Амангос Түгелевич
“Мирас” ШҚ басшысы



