Жапония тарапынан Қазақстанмен цифрландыру, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және инновациялық технологияларды енгізу салаларында ынтымақтастыққа қызығушылық байқалып отыр, деп хабарлайды Egemen.

 

Биыл қараша айында Қазақстан тарапымен өткен дипломатиялық кездесу барысында Жапонияның цифрландыру министрі Х.Мацумото Қазақстандағы цифрлық трансформацияның қарқынын жоғары бағалап, елдің заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыру бағытында жасап жатқан қадамдары жаһандық үрдістерге сай келетінін және Жапониямен өзара тиімді ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Бірыңғай экожүйе қалыптастыру мақсатында суперкомпьютерлік кластер іске қосылып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Қазақстан бұл салада Жапониямен ынтымақтастыққа, оның ішінде Орталық Азияда қауіпсіз әрі сенімді жасанды интеллект экожүйесін бірлесіп құруға мүдделі.

Сондай-ақ өткен жылы Жапонияның Ғылым және технологиялар агенттігі (JST) қоршаған ортаны қорғау, энергетика және апаттардың салдарын болдырмау сияқты басым бағыттарды қамтитын халықаралық бағдарламаны іске қосқанын атап өткен жөн. Конкурстық іріктеу нәтижесінде 64 өтінімнің ішінен 10 ғылыми жоба таңдап алынған.

Іріктеуден өткен жобалардың бірі – экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі технологиялық жағынан заманауи тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған қазақ-жапон ғылыми жобасы «Next-generation Smart Mining Plus for Sustainable Resources Development».

Жоба 2030 жылғы 31 наурызға дейін есептелген, оның қаржыландыру көлемі 3,2 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба шеңберінде «ақылды» технологияларды, экологиялық мониторинг жүйелерін және цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ Назарбаев Университеті базасында жабдықтау мен кадрларды даярлауды қоса алғанда, ғылыми-білім беру әлеуетін дамыту көзделген.