Жастар — ел болашағы
Өткен аптада «Жастар – ел болашағы» атты екі күнге созылған ауқымды форум өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында кемел келешек жастардың қолында екенін айта келе, олардың тынысын ашатын жаңа мүмкіндіктер беру керектігін атап өтті. Осыған орай өткен шара аудан әкімдігінің қолдауымен, жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Ауқымды форумның алғашқы күнінде жасөспірімдер арасында үшінші мәрте пікірсайыстан турнир, аудан әкімінің кубогы өтсе, келесі күні Сарыжар ауылында жастар арасында «Дебат ойындары» және аудан волонтер топтары арасында волейболдан қайырымдылық турнирі ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, форум аясында «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, теолог, дінтанушы, психолог, жастар жанашыры Нұрлан Байжітұлы арнайы келіп, аудан халқымен, жастарымен кездесті. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жасөспірімдерімен, Қ.Медетов өнер мектебінің залында 10-11 сынып оқушыларымен, Жайсаң арнайы білім беру ұйымының мұғалімдерімен және оқушыларымен жүздесті. Кейін, Сарыжар ауылдық Мәдениет үйінде халыққа, жастарға рухани құндылықтарды насихаттау мақсатындағы ауданымызда алғаш рет рухани кеш өткізілді. Нұрлан Байжітұлы халықпен рухани құндылықтар, тәлім-тәрбие беру бағытында жүрекжарды тілдесті.
Арнайы шақырылған қонаққа ауданымыздың жас ақыны Жаңажол Мұқанов «Арнау» арнады. Сонымен қатар, «Номад» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, Дәулеткерейдің күйі «Көреғұлы», Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» шығармалары шырқалды.