2024 жылы Ақтөбе облысында 6 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға берілді

Өткен жылы өңірде тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар шаралар атқарылды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы ақтөбеліктерге 950 мың ш.м. тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоспар артығымен орындалып, өткен жылы 6 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы Ақтөбе облысында 964 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде көп пәтерлі тұрғын үйдің үлесі 425,7 мың ш.м., жеке тұрғын үй – 538,3 мың ш.м.. Өткен жылы облигациялық қарыздар есебінен Қарғалы тұрғын үй алабындағы құрылысы 2023 жылы басталған 5 жобаның құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған азаматтарға арналған жалпы ауданы 18,3 мың ш.м. 298 пәтерлі жалдамалы-коммуналдық 7 тұрғын үй салынды» — деді басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Басқарма өкілі тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары және көп балалы отбасылар санаттары үшін дайын пәтерлерді сатып алу жоспарланғанын атап өтті. Бұл бағыт бойынша облысқа республикалық бюджеттен өткен жылы 140 млн теңгеден астам дайын 12 пәтер сатып алу үшін қаржы бөлінген. Пәтерлер Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар аудандарында сатып алынды. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары және көп балалы отбасылар санаттары үшін «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен жылдың аяғында 57,6 мың ш.м. болатын 872 пәтер сатып алынды.