365 КҮННІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

2023 жылдың күнтізбесі аяқталып, 2024 жылға аяқ бастық.  Жылдың жаңа парағы ашылды. Осы орайда, жылдың басты оқиғаларына шолу жасаған болатынбыз.

Биыл мәртөктіктерді елең еткізген, халық қызу талқы жасаған, елді қуандырған қандай маңызды оқиғалар орын алды? Өткен жылдың қорытындысының бірсыпыра топтамасын оқырманға ұсынамыз…

 

 

Тарихи іс-сапар

 

6 желтоқсан күні ауданымызға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Мемлекет басшысының Ақтөбе облысына жұмыс сапары Мәртөк ауданы Саржансай ауылындағы спорт кешенінің жұмысымен танысудан басталды.  Нысанның жалпы аумағы 1048 шаршы метрді құрайды. Мұнда спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев еркін күрес залы мен шағын футбол алаңын аралап көрді.

Бұдан бөлек, ел Президенті спорт кешенінде жас спортшылармен кездесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев спортпен шұғылданудың маңыздылығына назар аударды. Спорт адамның көзқарасын түзейді. Әсіресе жастарға күш-жігер береді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы футболға қолдау көрсетілетініне тоқталып, аталған спорт түрінің болашағына сеніммен қарайтынын жеткізген еді.

 

Мәжіліс пен

мәслихаттар жаңарды

 

Өткен жылдағы елдің басты саяси оқиғасы — 19 наурызда өткен кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы. 2022 жылғы референдумда Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес Мәжіліс депутаттарын 70% ы партиялық тізім бойынша, 30% ы бір мандатты округтерден сайлау туралы шешім қабылданған болатын. Бұл шешмді Қазақстан халқы шынайы демократияға бет бұру деп қабылдап, осы сайлаудан көп үміт күтті.

Мұнда «ескі Қазақстан» мен «жаңа Қазақстан» арасында қатты тартыс болды. Осы сайлаудың нәтижесінде отыз жылдан астам авторитарлы билікпен үзбей жағаласып, халық үшін, ұлттық мүдде үшін күрескен бірнеше танымал азаматтардың «Мәжіліс депутаты» атануы Қазақстанның жаңа тарихындағы «елеулі оқиға» екенін,  сөйтіп, қаншама жылдар «летаргиялық ұйқыға» кеткен Мәжілісте «тіршілік нышаны» пайда болғандай…

 

Орындалған армандар

 

Өткен жылда Қаратаусай, Байторысай, Қарабұлақ, Жаңажол ауылдарына көгілдір отын берілді.

Республика күні қарсаңында Қаратоғай ауылының тұрғындары үшін бой көтерген ауылдық клубтың лентасы қиылды. Ауылдық клуб 150 орындықты. Бұрынғы ауылдық клубтың 1975 жылы бой көтергендігін және оның ескіргендігін алға тартқан ауыл тұрғындары ауылға жаңа клубтың қажеттілігімен аудан әкіміне бірнеше мәрте жүгінген болатын.

Мәселенің шешу жолы қарастырылып, ауылдық клуб құрылысына аудан бюджетінен 106,4 млн. тг. бөлінді.

Сонымен қатар, Сарыжар ауылында жайлы мектеп ұлттық жобасы шеңберіндегі мектеп құрылысы басталды.

 

Ашылулар мен жүлделер

 

Өткен жыл ауданымызда білім саласы үшін нәтижелі жыл болды. Жеке кәсіпкерлер есебінен Мәртөк ауылында 175 балаға арналған «Ерке», Саржансай ауылында 75 балаға арналған «Алаш» балабақшалары ашылды.

«Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен №1 Мәртөк ЖОББМ жарақтандырылды. Оқу орнын жаңартуға «Қазақстан халқына» қоры есебінен 250 млн теңге жұмсалды.

Аудан бойынша мектеп тәмәмдаған 269 түлек ішінен 106 түлек білім беру грантын иеленіп, оқуға түсті.

Шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды «БІЛІМ ALL»  жобасы бастау алып, оған ауданымыздың 8 мектебі қатысып бастады.

Аудан бойынша 26 мектепте ата-аналар педогогикалық қолдау орталықтар ашылды.

Ауданының білім саласында жеткен жетістіктері жетерлік. Соның ішінде:

№1 Мәртөк ЖОББМ-нің бастауыш класс мұғалімі Насиха Кадырова, облыста І орын алды. «Алтын Тұғыр» республикалық математикалық олимпиадаға қатысып ІІІ орын иеленді.

5-6 класс оқушылары арасында математика пәнінен «Алтын сақа» республикалық олимпиадасында №3 Мәртөк ЖОББМ-нің 6 сынып оқушысы Алихан Бергенбай ІІІ орын;

Республикалық «Төлеген Айбергенов оқулары» — №2 Мәртөк МГ Инабат Қаржауова ІІІ орын;

Республикалық Абай оқулары — № 2 Мәртөк МГ, Ақниет Шикалова І орын;

Республикалық Мағжан оқулары — №3 Мәртөк ОМ, Гүлбану Алдамжарова ІІІ орын;

 

 

«Welcome to Martuk»

 

4-5 тамыз күндері Жастар күніне орай аудан орталығындағы «Қайрат» стадионында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен ауқымды фестиваль болып өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара аудан әкімдігінің, кәсіпкерлік, мәдениет және спорт бөлімдерінің қолдауымен өткізілді. Алғашқы күні ММА (аралас жекпе-жек) бойынша турнир ұйымдастырылды. Мұндай жарыс ауданымыздың тарихында тұңғыш рет өткізілді. Спорттық турнирден кейін ашық аспан астында фильм көрсетілімі ұйымдастырылды. Аталған фестивальдың келесі күні жанрлар бойынша шеберлік сағаттары, ақпараттық оқыту бойынша жастарға арналған әрүрлі тренингтер болып өтті. Сонымен қатар, аталған шара аясында спорт әлеміндегі жаңалық, текболдан да аудандық турнир ұйымдастырылды. Фестиваль аясындағы шара әрі қарай сахнада жалғасын тапты. Ауданымыздың мақтаныштары мен әр саланың үздік жастары марапатталды. Мұнан соң, фестивалі аясында эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті.

Аудан жастарынан құралған «Бізде осы» жайдарманшылар құрамасы жыл бойына қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, Республикалық «Астана» ашық лигасының 2023 жылғы Чемпионы атанып отыр. Ережеге сәйкес чемпион команда осы жылы өтетін Республикалық жоғары лига ойындарына тікелей жолдама алады. Енді, «Бізде осы» құрамасы алдағы уақытта аудан намысын Республикалық Жоғары лига ойындарында қорғайтын болады.

Сарыжар ауылында Тәңірберлі Молдабайдың 165 жылдығына арналған «Ашық аспан астындағы ауыл кеші» атты үлкен фестиваль ұйымдастырылды. Онда спорттық сайыстар өтіп, кейін Гала концертке ұласты.

 

«Ауыл аманаты» һәм

жаңа кәсіптер

 

Облысымызда тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды.

Бүгінгі күнге аудан бойынша «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-на жалпы сомасы 960,4 млн.тг 210 өтінім тапсырылды: Оның ішінде 905,0 млн. теңгеге 202 жоба мақұлданды:

— құс шаруашылығы – 319,7  млн.тг 90 жоба;

— өсімдік шаруашылығы – 290,2  млн.тг 46 жоба;

— шағын және орта бизнесті дамытуға – 295,1  млн.тг 66 жоба;

Барлығы 768,7 млн. теңгеге 177 жоба бойынша несие берілді.

— құс шаруашылығы – 298,0  млн.тг 84 жоба;

— өсімдік шаруашылығы – 259,7 млн.тг 42 жоба;

— шағын және орта бизнесті дамытуға – 211,0  млн.тг 51 жоба;

Тауарлы несие бойынша:

Ауданымыздың 11 АШТӨ-рі 19 аудан тұрғындарына 285 бас мал тауарлы несие ұсынды.

— Ұсақ мал – 220 бас;

— Ірі қара мал – 65 бас

Тауарлы несие алушылардын ішінде 11 адам жұмыссыздар, 3 адам жұмысы бар және 5 адам өзін-өзі қамтушы.

 

20 миллион болдық

 

2023 жылдың 14 қарашасында Қазақстанда халық саны 20 милллионға жетіп, тарихи оқиға тіркелді. Сүйінші хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеткізді.

Сол күні Мәртөк аудандық орталық ауруханасында перзентхана бөлімінде ұл бала дүниеге келді. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әлжан 20 миллионыншы қазақстандықпен қатар дүниеге келген сәбидің шығару салтанатына барып, ата-анасын қуаныштарымен құттықтаған болатын.

 

Спорттағы жеңістер

 

9-12 қараша аралығында Латвия мемлекетінің Даугавпилс қаласында Комбат дзю-дзюцудан әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 30-дан астам елінен келген 800-ге жуық  спортшы бақ сынаған. Байрақты бәсекеде кеңсахаралық Дидар Әби 57 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, әлем чемпионы атанды.

Елімізде спорттың дамуына бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға жағдай жасалған.

Өткен жылдың 20 тамыз күні «Спорт күніне» Мәртөк балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне салтанатты түрде «NEXT» маркалы шағын автобус кілті табысталды.

Жайсаң ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Жобаның құны – 240 млн теңгеден асады. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізу үшін кешкі уақытта да жұмыс істейтін болады. Кешеннің жалпы ауданы – 3,9 мың шаршы метр. Онда бокс, күрес, шағын футбол, волейболға арналған спорт залдары бар.

Республика күніне орай Родниковка ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды.