ҰСТАЗ АТЫ — БИІК ӘРІ МӘҢГІЛІК

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп Ұлы Абай айтқандай ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екенін баршамыз мойындаймыз. Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін «Қарттар күні» де, «Ұстаздар күні» де күздің үлесіне тиіпті.

Осынау қос мерекеге орай, №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының акт залында «Ұстаз аты — биік әрі мәңгілік» атты ардагер ұстаздармен кездесу кеші ұйымдастырылды. Шәкірттеріне өз пәндерінің қыр-сырын жалықпай үйретіп, сапалы білім мен саналы тәрбие бере білген ұстаздар: Каламгазина Әлия Сағынғалиқызы, Суинғалиева Қымбат Шоқайқызы, Шағатаев Амангелді Жұмабекұлы, Оралова Қибат Имашқызы және Нуртдинова Әсия Габдолқызы қошеметпен ортаға жайғасты.

Алғашқы құттықтау сөз кезегін мектеп директоры Мұрат Айтназаровқа берілді. Ол, тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән бергендігін айтып өтті. «Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін! Қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын!», — деп тілек білдірді.

Келесі кезекте ұстаздық жолында лайықты қызмет етіп, мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатқан ардагер ұстаздардың әрқайсысына жеке сөз кезегі беріліп, олар өздерінің жылы әрі жарқын естеліктерімен бөлісті. Жиылған оқушыларға өз кеңестерін беріп, сәттілік тіледі.

Шара барысында, мектепті бітіріп кеткен түлектердің демеушілігімен ардагер ұстаздарға сый-сияпат табыс етілді. Мұнан басқа, ардагер ұстаздармен кездесу кеші барысында өнерлі оқушылар концерттік бағдарлама ұсынды.

Кеш «Білім көшін жылжытып келе жатырған ұстаздар қауымын құрметтеу — біздің парызымыз», — деген жүргізушінің сөзімен аяқталды.