Бүгін Мәртөк ауданының Сарыжар ауылында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен мобильді қоғамдық қабылдау өтті.

 

Қабылдауға партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы, мәслихат депутаты Ануар Искарин, Мәртөк аудандық мәслихатының төрағасы Талғат Көлкебаев, сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің өкілдері қатысты.

Қабылдау барысында ауыл тұрғындары негізінен баспана, жайылымдық жер және жеке кәсіп ашу мәселелерін көтерді.

Партияға жүгінген тұрғындардың бірі — Сарыжар ауылының тұрғыны, көршісінің ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, оларды баспанамен қамтамасыз ету жөнінде өтініш айтты. Қазіргі уақытта аталған отбасы тұрғын үй кезегінде тұр, алайда ұзақ жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келеді. Бұл мәселе партияның аудандық филиалының бақылауына алынды, тиісті көмек көрсетуге уәде берілді.

Сонымен қатар, ауыл тұрғыны, еңбек және тыл ардагері Құлекен Шәріп өз көшеміздегі жарық мәселесін шешу мен ардагерлерге көрсетілетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде сұрақ қойды. Ардагерге заң аясында жан-жақты түсіндірме берілді.

Айта кету керек, биылғы жылы «AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының ұйымдастыруымен 5 мобильді қоғамдық қабылдау өткізілді. Қабылдаулар барысында 28 азаматтың өтініші қаралып, оның 15-і оң шешімін тапты, ал қалғандарына заң аясында кеңес пен түсіндірме берілді.