Заң шығару саласындағы өзгеріс

Ұлттық құрылтайдың V отырысы еліміздің саяси саласындағы институционалды өзгерістерімен ел тарихында қалады. Себебі біріншіден, екі маңызды қызметті – заң шығару мен халық атынан өкілдік етуді біріктіретін Парламентке қатысты өзгерістер қандай болады деген сұраққа жауап алынды. Нәтижесінде, бір палаталы Парламентке «Құрылтай» атауын беру, оның құрамын 145 депутаттан және 8 тұрақты комитеттен қалыптастыру ұсынылды.
Қазақтың саяси-тарихи дәстүрінде құрылтай ұжымдық талқылау, келісімге келу және қабылданған шешімдерді заңдастырумен астасады. Осы атауды кеңесші сипатындағы емес, міндетті заңдар қабылдайтын органға беру ұлттық саяси дәстүрді қазіргі заманғы өкілді демократиямен ұштастыруға деген ұмтылысты білдіреді. Тарихи атауларды қолдану да әлемдік тәжірибеде кең таралған.
Құрылтайдағы заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын тәртібі де ерекше назар аудартады. Ұсынылып отырған модель бойынша заң жобасы алдымен жалпы тұжырымдамалық тұрғыдан мақұлданады, кейін түзетулер жан-жақты талқыланып, нақтыланады, содан соң ғана заң түпкілікті қабылданады. Яғни екі палаталы жүйедегідей ұзақ бюрократиялық тізбектен өтпейді. Мұндай тәсіл көптеген бір палаталы парламенттерге тән. Нәтижесінде, заң шығару үдерісі шешім қабылдау кезеңдерін нақты бөлу арқылы жеделдейді, ал заңнаманың сапасы мен болжамдылығы басымдыққа ие болады.
Депутаттар санын 145-пен шектеу ұсынылды. Бірақ Парламент жұмысының тиімділігі депутаттар санына ғана емес, өкілеттіктердің нақты бөлінуіне, заң шығару қызметінің кәсібиленуіне байланысты. Осы контексте президенттік квотаны алып тастау – Парламенттің институционалдық дербестігін күшейтетін маңызды қадам. Сонымен қатар әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдарға квоталардың сақталуы әлеуметтік теңдік мен инклюзивтілікке бағытталған саясатты көрсетеді.
Тағы бір маңызды ұсыныстың бірі – Парламенттің негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы өкілетінің кеңеюі. Конституциялық сот, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тағайындау тек Парламенттің келісімімен жүзеге асыру ұсынылды. Бұған қоса, депутаттар Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлау өкілеттігіне ие болады. Осы өзгерістер билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін күшейтіп, ықпалды Парламенттің рөлін арттырады.
Екіншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына Халық кеңесінің құрылуы айтылды. Ескеру керек тұсы – оның заң шығару бастамасы құқығына ие болуы. Бұл дегеніміз қоғамдық сұранысты институционалдық деңгейде бекітіп, оны ресми заңнамалық үдерістің бір бөлігіне айналдыруды білдіреді.
Халық кеңесі Парламентті алмастырмайды. Мұндай ұқсас тетіктер әртүрлі елдерде бар. Мысалы, Еуропалық одақ еліндегі азаматтық ассамблеялар жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – қоғамдық белсенділікті институционалдық арнаға бағыттау.
Жалпы алғанда, ұсынылған өзгерістер заманауи парламентаризмді, ұлттық-тарихи символиканы, қоғамдық қатысудың институционалдандырылған тетіктерін және саяси тұрақтылық механизмдерін өзара ұштастырады. Аталған өзгерістер мен ұсыныстардың қабылдануы жалпыхалықтық референдумға байланысты болатыны есте болу керек.
Әйгерім АБДРАШИТОВА,
Президент жанындағы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің бас сарапшысы



