«Илигай» әжелер ансамбліне — 15 жыл!
«Жылылық күннің көзінде, тәрбие әже сөзінде» демекші, бүгінде өткеннің өнегесіндей болған өнерлі әжелеріміз ауданымыздың мәдениет саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әжелер өнері, әжелер мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, бойға тереңнен сіңіретін табылмас тәрбие құралы. Ансамбль мүшелігіндегі әзиз әжелер кейінгі ұрпаққа тек ізеттілік танытып қоймай, ауданда өткен әр шараның басы-қасынан табылып жүрген белсенділер. Ел Тәуелсіздігі қарсаңында ансамбльдің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осыған орай, өткен аптада «Ән әлеміндегі ақ жаулықты» халықтық «Илигай» халықтық ансамблінің 15 жылдығына арналған мерекелік іс-шара болып өтті.
2009 жылы Мәртөк аудандық Мәдениет үйінің жанынан «Илигай» атты әжелер ансамблі құрылған болатын. Ансамблдің алғашқы ұйымдастырушысы — аудандық музыка мектебінің директоры қызметінен зейнеткерлікке шыққан ұстаз Дина Құрманғалиқызы болатын. Музыкалық даярлауды Мәдениет үйінің басшысы Махамбет Ноғаев қолға алған болатын.
Шара барысында алдымен «Илигай» ансамблінің қадірменді әжелері қошеметпен ортаға шақырылды. Әжелер кешті «Илигай» әнімен ашты. Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әлжан сөз алып, асыл әжелерді мерекелерімен құттықтады.
Немере үшін ең мейірімді жан — әже. Жан жүрегім, жарығым деп немересін, шөбересін жүрегіне теңейтін де әже. Осы орайда, әжелерімізді №3 ЖОББМ-нің бүлдіршіндері мерекелерімен құттықтап, «Әже» әнін орындады.
Халықтық Ардагерлер хоры, Умырзая татар-башқұрт ансамблі, ауданымыздың белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Мейірімді жүрек» ұжымы да қапы қалмай, мерей тойымен құттықтап әсем әннен шашу шашып, залдағы ағайынға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бүгінде «Илигай» халықтық атағы бар ансамбль ұжымының өнерін аудан жұртшылығы асыға күтеді. Өзге өңірлерде де, бұл құрамдағы әжелердің өнері жоғары бағаланып, мақтау-марапаттарға ылайық боп жүр. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Бейбітшілік әлемі» халықаралық сайысында «Илигай» әжелер ансамблі бірінші орынды иемденген. «Илигай» әжелер ансамблінің 10 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрмет» АҚ қоғамдық бірлестігі басшылығы ұжымды «Халық құрметі» медалімен марапаттаған.
Әжелер ансамблі 15 жылдық мерекелік той барысында жиылғандарға «Ақжайнақ», «Мәртөкке кел», «Су тасушы қыз», «Бір шәугім шай», «Атамекен» секілді әуезді әндерін орындап берді.
Айта кетерлігі, биылғы наурыз айында «Дәстүрге жол» қазақ аналары қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Осы қоғамдық бірлестікке мүше болып, бүгінде ақ жаулықты әжелеріміз жас ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын, жалпы ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүр.