«Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің Президиумы жаңа Конституция бойынша өткен жалпыхалықтық референдум қорытындысын қолдау туралы арнайы мәлімдеме жасады.

Партия басшылығы 15 наурызда өткен референдумның ашықтығы мен әділдігін, оның халықаралық демократиялық принциптер мен ұлттық заңнамаға толық сай өткенін ерекше атап өтті.
Мәлімдемеде көрсетілгендей, бұл тарихи қадам мемлекетіміздің жаңғыру жолындағы маңызды белесі болып табылады және қоғамдағы демократиялық құндылықтарды нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.
Партия Төрағасы Серік Егізбаев өз сөзінде бұл таңдаудың мәніне тоқталып: «Кешегі референдум – Қазақстан халқының өз болашағына деген биік жауапкершілігі мен саяси кемелдігін көрсетті. Біз бұл таңдауды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаторлық бағытына деген шынайы халықтық сенім деп білеміз. «Ауыл» партиясы үшін бұл тек саяси құжат емес, бұл – жаңа қоғамдық келісім. Біз жаңарған саяси жүйеде, жаңа талаптар жағдайында ел мүддесі үшін аянбай қызмет етуге, ауыл еңбеккерлері мен қатардағы азаматтардың құқығын қорғауға толық дайынбыз», – деп мәлімдеді.
«Ауыл» партиясы қабылданған жаңа Ата Заңды «Нағыз Халықтық Конституция» деп бағалай отырып, оның партиялық жүйеге жүктейтін жауапкершілігін терең сезінетінін жеткізді.
Мәлімдемеде атап өтілгендей, референдум қорытындысы Президенттің реформалық бастамаларына халықтың көрсеткен нақты қолдауы мен айқын сенімінің айғағы болып табылады. Еліміздегі іргелі саяси ұйымдардың бірі ретінде «Ауыл» партиясы жаңа саяси шарттар жағдайында мемлекет пен қоғам мүддесіне адал қызмет етуге, жаңарған саяси жүйенің әлеуетін ел игілігіне жаратуға толық дайын екенін білдіреді.
Партияның Саяси кеңесі Президиумы халық таңдаған жаңа Конституция Қазақстанның бүгіні мен болашағына қалтқысыз қызмет ететініне кәміл сенетінін атап көрсетті.




