Қазақстан құрамасы шайбалы хоккейден Украинаны жеңіп, элиталық дивизионға шықты

АСТАНА.KAZINFORM – Шайбалы хоккейден Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан I дивизионның әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы Украинаны жеңіп, мерзімінен бұрын элиталық дивизионға жолдама алды.

4-тур аясындағы тартысты ойында отандастарымыз Украинамен негізгі уақыт және овертаймда 4:4 есебімен тең түскенімен, буллит сериясында сәттілік (2:1) біздің жағымызда болды.

Кездесу барысында Всеволод Логвин, Кирилл Ляпунов, Роман Старченко, Батырлан Мұратов мергендік танытып, жеңіске үлестерін қосты.

Қазақстанның әлем чемпионатындағы көрсеткіші: Қазақстан – Литва – 4:1

Қазақстан – Жапония – 6:0

Қазақстан – Польша – 3:2

Бұған дейін Қазақстан құрамасы 2021-2025 жылдар аралығында элиталық дивизионда өнер көрсеткен еді. Спортты дамыту дирекциясы мәліметінше, енді жерлестеріміз ертең шешуші турда топтағы басты фавориттің бірі саналатын Франциямен шеберлік байқасады.

Айта кетейік, 2027 жылғы жаһандық доданы Германияның Мангейм және Дюссельдорф қаласы қабылдайды.

Қазақстан хоккей құрамасы әлем чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.