Кәсіпкерлерге қолдау

Кеше аудандық Мәдениет үйінде аудан кәсіпкерлеріне арналған дәстүрлі семинар-тренинг өтті. Аудан әкімдігі мен аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының бірлесе ұйымдастыруымен өткен шара кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында болды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары (қаржы институттары) туралы ауқымды ақпараттар берілді.
Делегация өкілінен жалпы шараның өтудегі мақсаты мен міндеттерін сұрап білген едік.
— Бұл шара Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының тұрақты түрде жасап жатырған жұмысы. Делегация құрамында қаржылық институт өкілдері бар. Олар мүдделі тұлғаларға кәсіпкерлікті қолдау шараларын, мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндірме жұмысын жүргізу мақсатында облысымыздағы аудан орталықтарына жүйелі түрде барып тұрады. Бұл жолы жиынға прокуратура, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының өкілдерін де қатыстырып отырмыз. Әсіресе, Мәртөк ауданының «Бір ауыл — бір өнім» жобасын қатысуға мүмкіндіктері жоғары. Себебі бүгіннің өзінде осы жобаға облыс бойынша 19 адам қатысуға өтініш берсе, соның ішінде 7 өтініш Мәртөк ауданынан түсіп отыр. Былтыр бастау алған бұл жобаға бұрын әйел адамдар ғана қатыса алса, биылдан бастап ер адамдардың да қатысу мүмкіндігі туып отыр. Осы бағдарлама аясында облыстық іріктеуден өтіп, республикаға жолдама алған үш жоба қаржыландыру мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл ісін енді бастаған кәсіпкерге өте жақсы қолдау, — дейді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Альмира Бисекенова.
Іс-шарада алдымен, «Бір ауыл — бір өнім» мемлекеттік бағдарламасы қатысушыларының көрмесі жасақталды. Онда: бал, нан өнімдері, жартылай ет фабрикаттары және кір сабын, тоқылған бұйымдар, қыш ыдыстар қойылды. Осы ретте, көрмені тамашалаған делегация мүшесі, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов жергілікті кәсіпкерлердің жәй-күйін сұрастырып, сұрақтарына жауап берді. Сол тұста, облыс орталығынан Мәртөк ауданы кәсіпкерлеріне тегін орын қажеттігі айтылды. Асхат Абдрахманұлы облыс орталығындағы сауда үйлердің бірінің құрылтайшысы болғандықтан, кәсіпкерлерді демеп, қолдау мақсатында өз тарапынан айына екі рет сауда үйінен орын беру жолын қарастыратынын атап өтті.
Келесі, ресми ашылу бөлімінде аудан әкімі Медет Жұмабаев, Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов және Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтар сөз алып, іс-шараның өтудегі мақсаты туралы кеңінен айтып өтті.
Мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіу бөлімінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының өкілі Мирас Құсайын, «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамыны Ақтөбе облысы бойынша аймақтық филиалының өкілі Жанар Добрашева «Үміт» бағдарламасы, «Ақтөбе» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы АҚ өкілі Лаззат Курманова «Ауыл аманаты» бағдарламасы, ал Мәртөк ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркін Нұрлыбаев «Жалпы декларация. Бөлшек салығы» турасында мол мағлұматтар беріп өтті. Мұнымен қоса, шараға Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисенбин, Мәртөк ауданы прокурорының орынбасары Бағдат Байтуриндер қатысты.
Жиынның келесі бөлімінде үлкен тәжірибесі бар бизнес жаттықтырушы Ерлан Сейлов аудан кәсіпкерлерімен «Қаржылық сауаттылық және кірістерді бөлу» тақырыбында тренинг өткізді. Ол, бухгалтерлік есеп бойынша, салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы толығырақ баяндады. Сонымен қатар, әр кәсіпкер немесе кәсіп ашқысы келетін кез-келген азамат облыс орталығындағы Атамекен кәсіпкерлер палатасының филиалдарына барып бухгалтерлік есеп, салық бойынша есеп, бизнес жоба жазу, сүйемелдеу секілді басқа да сұрақтармен жүгініп, тегін негізде қызмет ала алатынын атап өтті.
Семинардан соң делегаттар жеке кәсіпкер Алия Джумабаеваның қияр егілген жылыжайына, одан соң бөдене шаруашылығын қолға алған жеке кәсіпкер Жансая Рамбаеваның жұмысымен танысты.

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.