Дәстүрлі әншілер додасы
Сейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толуына арналған «Шырқа, дауысым, шарықта» облыстық дәстүрлі ән орындаушылары арасындағы байқау ұйымдастырылды.
Байқау халқымыздың жан-жақты дамыған кәсіби музыкамыздың ішінде аса шоқтығы биік тұратын дәстүрлі ән өнерімізді жаңғыртып, тарихи құндылығымызды насихаттау, ірі тұлғаларымыздың бізге салып кеткен дәстүрлі өнерімізді биікте ұстап тұру мақсатында болды. Онда Ақтөбе және Алға қалаларынан, сонымен қатар ауданымыздан жиылған 24 өнерпаз қатысып, халық әндерінің қасиеті мен құдіретін көпшілікке паш етті.
Тағылымдық өнер сайысы Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінің домбырашыларының орындауындағы «Алаш» күйімен ашылды.
Ғарифолла Құрманғалиев — тума талант, дарын, ХХ ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің ерен құбылысы. Ондаған жылдар бойы ол жалғыз өзі Батыс Қазақстанның көне де жоғары дәрежеде дамыған вокалды-аспаптық дәстүрін паш еткен. Ғарифолла Құрманғалиев әнші ғана емес, өзі де ән шығарған адам. Театр сахнасында талай образды сомдаған актер.
Ән додасына Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ғазиза Абдирова, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі, республикалық байқаулардың лауреаты Дастан Қабылов, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, дәстүрлі ән классы оқытушысы Жеңіс Елемесов, Қамбар Медетов атындағы балалар өнер мектебінің «Көркемдік өнер» бөлімінің меңгерушісі Зарина Килибаева және аудандық Мәдениет үйінің директоры Махамбетқали Ноғаевтар төрелік етті.
Жас әншілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі әншілер байқауының шарты бойынша қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді: кіші топ (8-14 жас аралығы), үлкен топ (15-20 жас аралығы). Алдын-ала жеребе тарту бойынша қатысушылырдың шығу кезегі аңықталды. Қатысушылар екі ән орындады. Яғни, Ғ.Құрманғалиевтің әндерінен бір ән және халық әндерінен бір ән. Байқауда үміткерлердің орындау шеберлігіне, таңдалған шығарманың тәрбиелік мазмұны мен мағынасына, өнерпаздың сахнада өзін-өзі ұстауы мен сахна мәдениетін сақтауына қарай баға берілді.
Әншінің бәрі дүлдүл, бәрі бұлбұл болса да, мәрені бәрі бірдей кеспейтіні бар. Дегенмен байқаудың нәтижесі бойынша кіші топтан 1 орынды Ақтөбеден келген Аружан Арыстанбекова, 2 орынды мәртөктік Жібек Тілеубай иеленсе, ал жүлделі 3 орынды сарыжарлық Ардақ Қабылжан мен Ақтөбеден ат терлетіп келген Перизат Дауыловалар бөлісті. Сонымен қатар, кіші топтан Бауыржан Жұмабековке «Көрермен көзайымы», Нұрәлі Қорғанбекке «Ең кіші қатысушы» номинациялары бұйырды.
Үлкен топтағы жүлделі орындарды Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің студенттері өзара бөлісті. 1 орынды Айбар Санбаев, 2 орынды Әли Жұмаев, 3 орынды Дәурен Жұбат, Томирис Сеитова және Ақниет Ордабайлар алды. Шара соңында барлық қатысушылар арнайы Алғыс хаттармен, ал жеңімпаздары ақшалай сыйақы және дипломдармен марапатталды. Қатысушылар мен көрермендер ұлттық өнермен өнерін өрнектеген жастарға қолдау көрсеткен аудан әкімдігі мен ұйымдастырушыларға шара барысында ризашылықтарын білдірді.