МӘРТӨК АУДАНЫНДА МЕДИАЦИЯНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР МЕН ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУДАҒЫ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Screenshot
2026 жылғы 12 маусымда Мәртөк ауданында «Қоғамдық қатынастар саласындағы және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жанжалдарды шешудегі медиацияның рөлі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – медиация институтын кеңінен насихаттау, қоғамдық қатынастар саласында туындайтын дауларды бейбіт жолмен шешу тетіктерін түсіндіру, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауда медиацияның мүмкіндіктері туралы тұрғындардың хабардарлығын арттыру.
Семинарға аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында қатысушылар медиацияның қоғамдағы орны мен маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Семинарда кәсіби медиатор медиацияның артықшылықтары, оның әлеуметтік шиеленістердің алдын алудағы рөлі, азаматтар арасындағы және тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер арасында туындайтын дауларды сотқа жеткізбей шешудің тиімді жолдары туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Кобдикова Ляйлим Панабековна тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Спикер қатысушыларға қолданыстағы заңнамалар мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және медиация институтына деген қызығушылығын күшейтуге ықпал етті.
Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталып, сауалнама жүргізілді. Сондай-ақ қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, естелік суретке түсті.
Аталған семинар Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ақтөбе облысында қоғамдық қарым-қатынас саласында медиацияны дамыту» әлеуметтік жобасы аясында өткізілді.




