Сыйластық пен жолдастықтың үлгісі
Өмеке, құттықтаймын шын жүректен.
Бүгінгі мерей тоймен күмбірлеткен.
70-тің желкесіне атша мініп,
Жеттің ғой арманыңа көптен күткен.
Өттің ғой бірінші оны- балалықпен,
Екінші- мектеп берген саналықпен.
Үшінші-үшіншіден төпеп бердің,
Оғына фашисттердің нөсерлеткен.
Жеңіспен оралдыңыз аман-есен,
Күндерді еске сақтап таңды кешкен.
Батырдың бет-әлпетін көрсетіп тұр,
Майданнан орден, медаль тағып келген.
Оқыдың, маман болдың заң қорғайтын.
Жүгенсіз кеткендерді оңдырмайтын.
Жақсы дос, ел ағасы бола білдің,
Туыстай алыстағы қол бұлғайтын» — деген өлең жолдарын арнаған ауданымыздың белгілі азаматы, білім саласының ардагері Рамазан Жауылбайұлы , сот саласының ардагері Омарбек Мамырұлына 70 жасында арнауына 30 жыл өтіпті. Өз заманында қос бәйтеректей жайқалып, екі саланың арнасында өшпестей іздері қалған қос тұлға.
Бердиев Омарбек Мамырұлына 1924 жылы 6 мамырда дүниеге келген. Соғыстың отты жылдары Мәскеу қаласында оқып, 316 гвардия миномет полк қатарында Воронеж, I Украина, I Белорус майдандарына қатысып, соғысты Берлинді алумен аяқтады. 1949 жылы Алматыда заң факультетін тәмәмдап,1951-1968 жылдары Мәртөк аудандық бөлімі сотының судья қызметінде болды. Бұрыңғы Жұрын қазіргі Мұғалжар, Алға, Шалқар аудандарында, одан кейін қайтадан Мәртөк ауданында судья қызметін атқарып, 1984 жылы зейнетке шыққан. 33 жыл судьялық қызметінің жиырма жылға жуығын Мәртөк ауданында өткізген.Зейнет демалысына шықса да жұмысын жалғастырып, жиырма жыл адвокат қызметімен айналысқан. 1986 жылы Ақтөбе облыстық қорғаушылар алқасынының мүшесі, соғыс ардагерлер қоғамы, ақсақалдар алқасынының мүшесі болды. Ол «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін» 1 дәрежелі орденденімен, «Варшаваны азат еткен үшін», «Берлинді алған үшін», «1941-1945ж.ж. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталды. Сонымен қатар Жоғарғы сот, Әділет министрлігінің және Қазақ Социалистік Республикасының Жоғарғы кеңесі Президиумының грамоталарымен және 2005 жылы Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінің «Үш би» төсбелгісімен марапатталған. 2006 жылдың 24 ақпанында дүние салды.
«Ал, аға , кездесейік 90 жаста,
Тағы той оған дейін жасап таста.
Құдайым, беріп жатса Жамбыл жасын.
Ала бер бергенінен кейін қашпа» -деп тілегін Бердібек Мамырұлына арнаған Рамазан Жауылбайұлы 1929 жылы 9 мамыр Мәртөк ауданы, Құмсай ауылында дүниеге келген.Жоғарғы дәрежелі мұғалім, республикалық халық ағарту ісінің үздігі, 1962-1986 жылдары аудандық білім бөлімі басшысы, 1963-64 аудандық компартия депутаты, 1984 жылы Чехословакия, Венгрия елдеріне саяхат жасаған топ жетекшісі. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Халықаралық бейбітшілік қоры» медалі, бірнеше мемлекеттік медальдар иегері. «Жарық сәуле шашқандар» , «Сұрапыл соғыс жылдары» және «Мәртөк» ғылыми-тарихи анықтамалық кітабының құрастырушысы, бас редакторы. «Мәртөк вальсі» , «Мектебім» өлеңдерінің авторы.
«Мәртөк вальсі» өлеңінде арқау еткен ауданымыздың ардақты да аяулы азаматы, республикалық халық ағарту ісінің үздігі Рамазан Жауылбайұлы атап өткендей,мұндай тамаша өлкеде тұрудың өзі бір бақыт екенін әрбір мәртөктік шын жүрегімен сезінер. Рамазан Жауылбайұлы 2006 жылдың 4 қаңтарда дүние салды. Омарбек Мамырұлы мен Рамазан Жауылбайұлы сыйластығы, ауыл ішінде қатар көрші тұрып, сыйласқанын көз көргендер мақтан тұтады. Құдалығын бірге атқарып, Рамазан Жауылбайұлын жақын туысы болмаса да, үлкен ұлының құдалығында бас құда етіп жауапкершілікті жүктеуі сенім артқандығы. Бір жылы дүние салып, о дүниелік тұрағы да көрші болған тұлғалар көп мазардың ішінен бірден көзге түседі.
Ұлы Жеңістің туын тіккен 9 мамыр күні Рамазан Жауылбайұлы дүниеге келсе, 6 мамыр Қарулы күштер күні мерекесі қарсаңында Омарбек Мамырұлының дүние есігін ашқан күндері. Темірдей тәртіптің, қатал мінездің, құрыштай қайраттың бойларында қайнап, елге қалтықсыз қызмет етуі шыңдалған жігердің шын мәнінде көрініс табуында болса керек. Келер ұрпаққа еңбектерін насихаттау парызымыз.
Ұлдай Осанова,
музей директоры, штаттан тыс тілші.