Қажырлы еңбек атқарған ұлағатты ұстаз кеші
Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі — Ұстаз. «Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашан да қасиетті, қашан да қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер «Ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.
Өткен сенбіде аудандық Мәдениет үйінде «Жылдарым — жүрген жолдарым» тақырыбында ғибратты, көңіл толқытарлық, салтанатты кеш өтті. Кештің иесі — кісілік келбетімен, адалдық, адамгершілігімен ерекшеленетін, ғұмырының 40 жылын жас ұрпаққа білім беруге арнаған ұлағатты ұстаз Қаратаева Шұға Таласбайқызы. Мерекелік шығармашылық кешке аудан әкімінің орынбасары Қ.Әлжан, аудандық білім бөлімінің басшысы Есалин Ә.С., Батыс Қазақстан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Күзембаева Б.Б., «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы Акционерлік Қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалы, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Каплиева А. Қ. Ақтөбе облыстық педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері және облыстық математиктер ассоциясының мүшелері Укибаева С.Т., Тилешова З.Е., Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының қазіргі таңдағы зейнеткер Байсейтова Ғ.Ж., Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының әдіскері. Айтенкулова Б.Қ. және бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп отырған мерейлі мұғалімнің жақындары, группаластары, сыныптастары, әріптестері, еңбек ардагерлері және шәкірттері қатысты.
Іс-шараның мақсаты — жас ұрпаққа және әріптестеріне «Әркімнің өз дара жолы бар» екенін ұғындыру, дара жолды тұлғаның кәсіби шеберлікті шыңдауда ойы мен сөзі бір жерден шығып және ісінен айқын көрініп тұратынын, өзі үшін емес, өзгелер үшін еңбек ететінін аша отырып, еліне, ұлтына жасаған еңбегін дәріптеу.
Қаратаева Шұға Таласбайқызы — «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің, Ақтөбе облысы әкімінің «Ең үздік математика пәнінің мұғалімі — 2019», «Үздік авторлық бағдарлама» номинациясы бойынша «Олимпке жол» авторлық бағдарламасының марапат иегері. Сонымен қатар, Ақтөбе педагогикалық шеберлік орталығының тренері, Ақтөбе облыстық математиктер ассоциясының мүшесі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Астана, Ақтөбе қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің, Педагогикалық шеберлік орталығының және облыстық, аудандық білім бөлімдерінің «Алғыс хат» иегері, №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі, ауданымыздағы жалғыз педагог-шебер ұстаз.
Алдымен Мәдениет үйінің фойесіне жиналған жұртшылыққа бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған, өзіндік дара жолы бар ұстаздың өмірбаяны, мектепке үлкен еңбегін сіңірген, шәкірт бойындағы мүмкіндікті ашып, шабытына шабыт қосқан, ізденіс пен жеміске толы жолы таныстырылды.
Кейін кеш иесі шақырылып, сахна төріне жайғасты. Кеш шымылдығын Астана қаласында өткен «UNISTAR ASTANA» халықаралық өнер байқауының «Театр өнері» бағытында І орын иеленген, түрлі Республикалық байқауларда «Үздік актер» номинациясының иегері, №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Ерғазы Қазиев монологпен ашты.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әлжан аудан басшысы атынан еңбегі еленіп, құрметті демалысқа шыққан қуанышты күнімен құттықтап, құрмет көрсетті. Ұстаз кеудесіне «Мәртөк ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін тақты. Бұл құрметті ұзақ жылғы еңбек пен ізденістің жемісі деп бағалауға болады.
Шара барысында Шұға Таласбайқызының 40 жылдық ұстаздық өмірінің бастауы туған жері, ұшқан ұясы, ата-анасы мен бауырлары, отбасы туралы, одан соң ұстаздық жолына келуі мен еңбек жолы турасында әңгімеленді. Жүректегі жылы сезімді — балалық, студенттік шақты, студенттік өмірінің естеліктерін де еске алды.
Ол 1963 жылы 16 сәуірде Ақтөбе облысының Ойыл ауданы Ойыл ауылында дүниеге келген. Онжылдық мектепті 1980 жылы жақсы аяқтаған. 1984 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының «математика-физика» факультетін «математика» мамандығын алған. Математика пәніне деген қызығушылығы мектептің бастауыш класында-ақ пайда болып, сол кезде математика пәнінің мұғалімі болуды армандапды. Мектеп кезінде пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген. 1984 жылы институтты бітіргеннен кейін жолдамамен туған жері Ойылға жұмысқа барады. Сол жылы №22 Кәсіптік техникалық училищесінде комсомол комитетінің хатшысы болып жұмысқа орналасқан. 1985 жылы Ойыл қазақ орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып ауысады. Ол жерде 10 жыл жасаған. 1999 жылы «Жыл жетекшісі — 99» сайысының жүлдегері болған.
2000 жылы отбасылық жағдайына байланысты Мәртөкке көшіп келеді. №2 Мәртөк орта мектебіне физика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. 2002-2003 оқу жылынан бастап математика пәнінің мұғалімі болып ауысқан.
Осы еңбек жолында көптеген жетістіктерге ие болған. Оқушылары олимпиада, Ғылыми жоба сайыстары бойынша аудандық облыстық, республикалық сайыстарың жеңімпаздары. Еңбектері ескеріліп, аудандық облыстық білім басқармасының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Шара барысында №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының ұжымы атынан мектеп директоры Айтназаров М.Ш. пен №4 Мәртөк жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Абдуллина Б.А. құттықтап, өз бақытын еңбектен тапқан ұстазға ұлағатты жолда қатар жүргендерін мақтанышпен айтып, алғыстарын жеткізді.
Батыс Қазақстан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, әрі кейіпкеріміздің әріптесі Күзембаева Б.Б. , «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы Акционерлік Қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалының ардагері, педагогика ғылымының кандидаты, доцент А.Қ. Каплиевалар сөз сөйледі. Ұлағатты ұстаздың ұзақ жылдар бойы үздіксіз еткен зор еңбегі, саналы ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше, кейінгі жас буынға үлгі-өнеге. Жақсының жақсылығын дәріптеу, адамның ел үшін еткен игілікті істері мен мұрасын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету — ежелгі ел дәстүрі екендігі айтылды.
Шұға Қаратаеваның шәкірт тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатудағы, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру жолындағы еңбегі ұшан теңіз. Оқушылары бүгінде түрлі мамандық иесі атанып, елі үшін жемісті еңбек етуде. Шәкірттерінің бірқатары өзі секілді ұстаздық жолды таңдағанын да айтып өткеніміз дұрыс. Сондықтан салтанатты іс-шара ұстаздың өмір жолымен таныстырудан басталып, ән-жырмен, ақ тілек лебіздермен жалғасты. Құрметті ұстаздың тәлімі мен білімін алған шәкірттерінің бірі Мұхаммеджан Ұзақбаев осы кеште құттықтауын жеткізіп, «Ұстазыма» әнін орындады. №4 мектептің математика пәнінің мұғалімі Айгүл Мұртазаева апайға өлеңін арнап оқыды.
Жетекшілік еткен бір топ оқушылары: «Бүгінгі күнімізге осы ұстаздарымыздың арқасында жеттік. Өзімізді ұстаз алдында әрдайым шәкірт сезінеміз. Осы мектепті Шұға апайымыздың жетекшілігімен бітіріп шыққан едік. Бүгінгі бейнеттің зейнетін көрер шағыңызда Сізге зор денсаулық, аяулы әже болып аман сау жүре беруіңізге тілестеспіз», — деген шәкірттік алғыстарын жеткізіп, естелік сыйлықтарын табыс етті. Класс жетекшілік еткен 2005 жылғы бітірген шәкірттерінің бірі Арыстанов Рустем Астанадан өздерінің жүрекжарды лебіздерін видеоролик арқылы жолдап, Президент жанындағы оркестрдің орындауында «Ұстазым» әнін орындап берді. Қазақ мектебінің 80 жылдық тарихындағы алғашқы «Алтын белгі» иесі де осы кештің куәсі болып, Шұға Таласбайқызының класс жетекшісі болып, сіңірген еңбегінің арқасында сол атаққа қол жеткізгендігін мақтанышпен айтып, алғысын білдірді. Дәл осы сәтте Алматыдан Республикалық матаематиктер конференциясында жұмыс сапарымен жүрген осы кештің шақырылған қонағы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің математика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Иманчиев Асқарбек Ермекұлы және шәкірті Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Математика және математикалық модельдеу кафедрасынан аға оқытушысы, доктор PhD Абдраманов Жанарс видеоқоңыраумен хабарласып құтықтау тілектерін білдірді .
Мерекелік шарада қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңге жеткен ұстазды құрбылары да қуана құттықтады. Ойыл ауданынан арнайы ат терлетіп келген Шұға таласбайқызының анасына «құрбымызды өмірге әкелгеніңіз үшін», дей отырып бір құшақ гүл шоғын табыс етті.
Сонымен қатар, ардагер ұстаз Қыдырбай Шудабаев сөз сөйлеп, «Шұға Таласбайқызы ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, білім биігінен көріне білді. Көптеген марапаттарға ие болды. Оны өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде әріптестері ерекше құрметтейді. Терең білімі, берік ұстанымы, іскерлік қабілеті және азаматтық қасиет¬тері жақын араласқан жанды тәнті етпей қоймайды. Атына заты сай ұлағатты ұстаз жастарға үлгі, өнеге. Еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке басының кіршіксіздігі отбасы үшін ғана емес, қанаттас жүрген әріптестері, тілектес дос-жаран үшін де зор мақтаныш. Ұстаздың өмір жолы жас ұрпақ үшін нағыз өмір мектебі», — деп атап өтті.
Кеш соңында келешегінің кемел болуы үшін сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, тәуелсіз еліміздің болашағы — өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелей білген мұғалімнің өзіне сөз беріп, қонақтарға деген жылы лебізі тыңдалды. Өзіне құрмет көрсеткен әріптестеріне шынайы ризашылығын білдірді. Сырға толы мағыналы кештен алар үлгі, мағына жетерлік…
Шұға Таласбайқызы, еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіз аз емес. Алдағы уақытта сол еңбектің зейнетін көріңіз! Талғаусыз еңбектің жемісі ретіндегі зейнет демалысыңыздағы ғұмырыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан болып, немере-шөберенің қызығына тоймай ақ жаулықты ана болу бақытына бөленуіңізді тілейміз! Жүзіңіз күндей күлімдеп, жүрегіңіз жаздай жайнасын, жанарыңыздан әрдайым нұр себелеп, жаныңыз шаттыққа кенелсін демекпіз. Құрметті демалысыңыз бақытты, өнегелі ғұмырға ұлассын!
Адам — өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты.
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.