Мемлекеттік қызметтің жаңа бағыты: кәсібилік, ашықтық және халыққа бағдарлану

Мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды өзгерістер кезеңі басталды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның жаңа редакциясы қолданысқа енгізілді. Жаңа құжат мемлекеттік қызметтің мазмұнын жаңартып, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуге, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыруға және кадрлық процестерді цифрландыруға бағытталған.

Заңдағы өзгерістердің мәні мен оның мемлекеттік қызмет жүйесіне ықпалы туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілмановпен сұхбаттасқан едік.

 

– Айбек Ақбергенұлы, жаңа редакциядағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның негізгі мақсаты қандай?

 

– Жаңа заң мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орнын жаңаша айқындап отыр. Бұған дейін мемлекеттік қызметті құқықтық реттеу көбіне еңбек қатынастары аясында қарастырылып келсе, жаңа редакцияда оның мақсаты, міндеттері және мемлекеттік басқарудағы маңызы нақты белгіленді.

Бүгінде мемлекеттік қызмет – елдің стратегиялық басымдықтарын жүзеге асыратын негізгі институттардың бірі. Сондықтан заңда мемлекеттік қызметті өткеру қағидаттары, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар және олардың кәсіби міндеттері нақты бекітілді.

 

– Азаматтарға бағдарланған қызмет моделі дегеніміз не?

 

– Бұл – мемлекеттік орган қызметінің басты назарында азамат тұруы деген сөз. Мемлекеттік қызметші тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін шешуге бағытталған тиімді жұмыс тәсілдерін қолдануы керек.

Заң азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға кедергі келтіретін жағдайларды жоюды көздейді. Атап айтқанда, өтініштерді тек формалды себептермен қараудан бас тартуға жол бермеу, қажетті ақпарат пен цифрлық сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз ету қарастырылған.

Бұл өзгерістер мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға бағытталған.

 

– Мемлекеттік қызметшілердің беделі мен әдеп нормаларына қатысты қандай өзгерістер енгізілді?

 

– Мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімімен қатар оның адамгершілік қасиеті, әдептілігі және мінсіз беделі маңызды рөл атқарады.

Осыған байланысты заңда «мінсіз бедел» институты енгізілді. Мемлекеттік қызметшіге немесе мемлекеттік лауазымға үміткер азаматқа қойылатын талаптар нақты белгіленді. Егер белгілі бір жағдайлар орын алса, ол тұлға мінсіз бедел иесі ретінде танылмайды.

Мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеті – халықтың сенімін ақтау. Сондықтан қызметтік әдеп талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделін қорғау ерекше маңызға ие.

 

– Заңда мемлекеттік қызметшілердің санаттарына қатысты қандай жаңалықтар бар?

 

– Жаңа заңда сайланатын лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшілердің жеке санаты ретінде қарастырылған. Олар саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілермен қатар мемлекеттік қызмет жүйесінің бір бөлігі болып табылады.

Сайланбалы мемлекеттік қызметшілердің ерекшелігі – олар заң алдындағы жауапкершілікпен қатар сайлаушылар алдындағы жауапкершілікті де сезінуі тиіс.

Сонымен бірге орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен облыстық басқарма басшылары «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жатқызылды.

 

– Кадр саясаты бағытында қандай жаңашылдықтар енгізілді?

 

– Мемлекеттік қызметке білікті, қабілетті және жас мамандарды тарту – негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта заңда мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институтын енгізу көзделген.

Бұл жүйе болашақ мемлекеттік қызметшілердің қажетті кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған. Жұмыс мектеп қабырғасынан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі кезеңді қамтиды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметке іріктеу процесі толық цифрлық форматқа көшіріледі. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы кадрларды іріктеу мен басқару үдерістері ашық әрі тиімді жүргізіледі.

Егер белгілі бір мемлекеттік лауазым үш айдан астам уақыт бос тұрса, жүйе арқылы конкурс автоматты түрде жарияланады. Бұл мемлекеттік қызметке барлық саладан қабілетті мамандардың келуіне мүмкіндік береді.

 

– Мемлекеттік қызметшілер үшін қандай әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған?

 

– Заңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік шаралар белгіленген.

Олардың қатарында мансаптық көлденең өсу мүмкіндігі, еңбекақыны кезең-кезеңімен индекстеу, қосымша ақылы демалыстар, еңбек құқықтарының кепілдіктері, қызмет бабымен қоныс аударуға байланысты өтемақылар және ұзақ жыл қызмет атқарған мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру шаралары бар.

Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режиміне байланысты еңбек құқықтарын қорғау мәселелері де қарастырылған.

 

– Заң мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған ба?

 

– Әрине. Мемлекеттік қызметтің тиімділігі тек құқықтар мен мүмкіндіктерге ғана емес, сонымен қатар жауапкершілікке де байланысты.

Жаңа заңда тәртіптік жауапкершілік жүйесі жетілдірілді. Тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімі құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай белгіленеді. Сонымен бірге жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескеру қарастырылған.

Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзуына, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасауына жол берілмейді.

 

– Құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында қандай шаралар қарастырылған?

 

– Заңда құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтуге ерекше мән берілген. Белгілі бір штат саны бар мемлекеттік органдарда құқық бұзушылықтардың алдын алу қызметтерін құру қарастырылған.

Бұл құрылымдар мемлекеттік орган ішінде дербес жұмыс істеп, қызметтік әдеп талаптарының сақталуын, тәртіптік мәселелердің қаралуын және профилактикалық шаралардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.

Негізгі мақсат – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу.

 

– Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге қатысты талаптар күшейтілді ме?

 

– Иә, мемлекеттік қызметшілердің жеке тәртібіне де жоғары талап қойылады. Мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы беделі мен мінез-құлқы мемлекеттік қызметтің жалпы имиджіне әсер етеді.

Сондықтан заңда қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ мемлекеттік қызметтің абыройы мен беделіне кері әсер ететін әрекеттер үшін жауапкершілік күшейтілді.

Сонымен қатар есірткі құралдарын заңсыз пайдалану және көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқару сияқты әрекеттер мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылықтар ретінде қарастырылады.

 

– Жалпы алғанда, жаңа заңның негізгі нәтижесі қандай болады деп күтесіз?

 

– Жаңа заң мемлекеттік қызмет жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Оның тиімді жүзеге асуы әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне, жауапкершілігіне және заң талаптарын орындауына байланысты.

Басты мақсат – халыққа қызмет ететін, ашық, тиімді әрі кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Мемлекеттік қызметші ең алдымен азаматтардың мүддесіне қызмет ететін тұлға болуы керек.