Жасөспірімдерге құқығы мен жауапкершілігі түсіндірілді

Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда оқушыларға құқықтық тәрбие беру мақсатында «Жасөспірім және заң: құқық пен жауапкершілік» тақырыбында ашық диалог өтті.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған кездесуге №51 гимназияның 10-11 сынып оқушылары, Ақтөбе қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры, 2-сыныпты заңгері Камила Ратжанова қатысты.

Кездесуде прокурор жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершілік, құқықбұзушылықтың алдын алу туралы әңгімеледі. Маман оқушыларға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі құқықтық жағдайларды түсіндіріп, заңды білудің және оны сақтаудың маңызын айтты. Жиында оқушылар еркін пікір алмасты. Олар прокурорға сұрақ қойып, маманнан жауап алды.
Қалалық білім бөлімінің әдіскері Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, мұндай кездесулер оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға көмектеседі.
— Прокуратура өкілдерімен ашық әңгіме жүргізу — оқушылар үшін маңызды. Олар өз құқықтары мен жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұл өз кезегінде құқықбұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді. Мұндай жұмыстар қала мектептерінде тұрақты түрде жалғаса береді, — деді ол.
Кездесуде айтылған әңгімелер жасөспірімдерге заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және өз ісіне жауапкершілікпен қараудың маңызын ұғындырды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.